
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында кезекті қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың көкейінде жүрген мәселелеріне нақты заң аясында көмек көрсету.
Қабылдауға Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баэтова, Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Айдаров, Адвокаттар алқасының адвокаты Сапарғали Мұсабаев, «Zangerler Palatasi» заң консультанты Қайрат Арыстанов, жеке сот орындаушысы Азамат Рыскелдиев және нотариус Айнұр Әжімұқанқызы қатысып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға келген тұрғындар негізінен алаяқтардың арбауына түсу, несие төлемдеріне байланысты қиындықтар, жер учаскелерін заңдастыру, сондай-ақ мұрагерлікке қатысты түйткілді мәселелерін көтерді. Әрбір өтініш иесінің жағдайы мұқият зерделеніп, сала мамандары тарапынан жан-жақты құқықтық кеңестер берілді.
Кейбір мәселелер сол жерде шешімін тапса, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Тұрғындарға алдағы қадамдар мен заңды рәсімдеу тәртібі бойынша нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясындағы мұндай қоғамдық қабылдаулар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтарын қорғауға және олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал етеді.