
Шымкент қаласында «Медиация – татулық тірегі» атты форум өтті. Іс-шараның мақсаты – ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылықты сақтау, сондай-ақ этносаралық қатынастарда өзара түсіністік пен сыйластықты арттыру.
Форумға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалының директоры Әсет Абжақов, академия өкілі Гүлжан Қожақметова, Шымкент қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен сертификатталған медиаторлар қатысты.
Шара барысында медиация институтының қоғамдағы орны мен рөлі кеңінен талқыланып, тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды. Қатысушылардың айтуынша, медиация – дау-дамайларды сотқа жеткізбей, бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік беретін ең тиімді құқықтық құралдардың бірі.
Мұндай іс-шаралар еліміздегі этносаралық келісімді нығайтып, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосатыны сөзсіз.