ШЫМКЕНТТЕ АЛИМЕНТ ТӨЛЕУДЕН ЖАЛТАРҒАН АЗАМАТ БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛДЫ

Азамат 2013 жылғы Шымкент қаласы Абай аудандық сотының шешімімен үш кәмелетке толмаған баланы асырап-бағуға міндеттеліп, өзінің табысы мен өзге де кірісінің жартысын алимент ретінде төлеуге тиіс болған. Алайда, ол 2019 жылдан бастап өз міндетін қасақана орындамаған.
Алимент бойынша жалпы берешек мөлшері 7 631 374 теңгені құраған.
Істі жан-жақты қарап, барлық дәлелдемелерді саралаған сот айыпталушының әрекетін Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қасақана қылмыс ретінде бағалап, оған 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Бұл үкім алимент төлеуден жалтарудың салдары азаматтық емес, қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін тағы да дәлелдейді. Мемлекет тарапынан балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында мұндай заңды шаралар қатаң сақталады.