
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде құқықтық ақпарат беру түрінде өтеусіз, адвокаттармен, заң консультанттарымен, нотариустармен, жеке сот орындаушыларымен өтеусіз өз құзіреті шегінде көрсете алады.
Құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін алуға барлық жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқығы бар.
Құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандар; мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандар; асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғалар; жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғалар; Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғалар; кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасылар; кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдар (отбасылар) ала алады.
Соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі әкімшілік жауаптылыққа тартылған адам; азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшы не жауапкерге және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшы;Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес қорғалуға құқығы бар куәгер, күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам, жәбірленуші өтеусіз құқықтық көмек ала алады.
Осыған орай, аталған тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін тұрғылықты жеріне және тұрған жеріне қарамастан алуға құқылы.