
2026 жылғы 3 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің тіркеу қызметі және коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу саласындағы бақылау бөлімі, құқықтық түсіндіру жұмысы және заң қызметтерін көрсету бөлімі, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасымен бірлесіп, Шығыс Қазақстан облысы нотариаттық округінің нотариустарына арналған семинар өткізілді.
Семинар барысында Қазақстан Республикасы заңнамасының ресми құжаттарды шетелде пайдалану үшін апостильдеу саласындағы талаптарын, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер және атқарушылық жазбаны жасау тәртібі мен мерзімдері түсіндірілді.
Семинардың жекелеген бөлігі құқықтық түсіндіру жұмысы және заң қызметтерін көрсету бөлімі мен жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшылығы тарапынан өткізіліп, онда атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер, сондай-ақ атқарушылық жазбаларды жасау тәртібі мен оларды рәсімдеудің процессуалдық мерзімдері бойынша практикалық түсіндірмелер берілді.
Семинар барысында нотариустар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 сәуірдегі «Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыруды талап етудің күшін жоятын Конвенцияның (Гаага, 1961 жылғы 5 қазан) ережелерін іске асыру жөніндегі шаралар туралы» қаулысы, ҚР 1999 жылғы 30 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын конвенцияға қосылуы туралы», Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарының бірлескен бұйрығымен бекітілген апостиль қоюдың бірыңғай ережесінің талаптарымен танысты.
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы №32 бұйрығымен бекітілген Нотариаттық іс жүргізу жөніндегі ереженің 55-тармағының талаптарына ерекше назар аударылды. Аталған тармаққа сәйкес, шетелде пайдалану үшін арналған құжаттарға қол қою кезінде куәландыру жазбасының мәтіні (оның ішінде нотариаттық іс-әрекеттердің электрондық тізілімінің нөмірі, өндірілген мемлекеттік баж сомасы және/немесе нотариусқа төленген сома) техникалық құралдардың (жазу машинкасы, дербес компьютер) көмегімен басылып шығарылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы №31 бұйрығымен бекітілген Нотариустардың нотариаттық іс-әрекеттер жасау ережесінің 183-тармағын сақтау мәселесіне назар аударылды. Аталған тармаққа сәйкес, шетелдік мемлекеттердің ресми мекемелері берген құжаттармен нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде құжатта оның заңдастырылғаны немесе апостиль қойылғаны туралы белгі болуы тиіс.
«Апостиль» мөртаңбасы болмаған жағдайда, нотариаттық құжаттарды рәсімдеу үшін жүгінген тұлғаларға шетелдік құжаттарда мұндай мөртаңбаның болуы қажеттігі туралы хабарлап, түсіндіру ұсынылды, себебі ол құжаттардың шетелде пайдаланылған кезде заңды күшін растайды.