
17.02.2026 жылы Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің Тіркеу қызметі және коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу саласындағы бақылау бөлімі «Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының Өскемен қаласының Халыққа қызмет көрсету жөніндегі №1 бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп коммерциялық емес заңды тұлғаларды тіркеу, жылжымайтын мүлікке құқықтар, азаматтық хал актілері мен ресми құжаттарға апостиль қоюы саласындағы мемлекеттік қызметтер мәселелері бойынша семинар өткізді.
Семинар барысында тіркеу қызметінің барлық бағыттары бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартудың негіздері мен себептері түсіндіріліп, олардың алдын алу және қысқарту жөніндегі ұсыныстар қаралды. Сондай-ақ жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы жекелеген қағидаларға енгізілген өзгерістерге қатысты мәселелер түсіндірілді. Аталған қағидалар Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2026 жылғы 22 қаңтардағы №65 бұйрығымен бекітілген. Сонымен қатар Алматы облысының прокуратурасы анықтаған жергілікті атқарушы органдардың жалған және қолдан жасалған шешімдері негізінде жер учаскелерін заңсыз иелену мәселелері талқыланды. Осыған байланысты тіркеуге ұсынылатын күмәнді құжаттарды тексеру кезінде бақылауды күшейту, сондай-ақ олардың берілуінің түпнұсқалығын растау үшін тиісті органдарға сұрау салулар жолдауды қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді. Бұдан бөлек, «Kaspi Bank» АҚ постаматтары арқылы туу туралы куәліктер беру жөніндегі пилоттық жобаның алгоритмі бірлесіп зерделенді. Аталған алгоритм Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің 2026 жылғы 28 қаңтардағы №35/НҚ және Әділет министрлігінің 2026 жылғы 2 ақпандағы №105 бірлескен бұйрықтарымен бекітілген.
Семинардан кейін ХҚКО бөлімінің базасында Әділет департаментінің қызметкерлерімен халықпен кездесу өткізілді. Аталған іс-шара барысында тіркеу қызметі саласында кеңес алғысы келетін өтініш берушілер үшін құқықтық көмек көрсетілді. Негізгі назар ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты пәтер иелері кооперативтерін қайта тіркеу мәселелеріне, сондай-ақ ресми құжаттарды апостильдеу саласындағы электрондық қызметтерге аударылды.Халықпен кездесу барысында қызмет алушылар арасында ресми құжаттарды электрондық форматта апостильдеу жөніндегі мемлекеттік қызметті алу алгоритмі және ПИК, ПИТК қайта тіркеу жөніндегі буклеттер таратылды.