
«Заң мен Тәртіп» принципі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының фундаменті екенін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өтті.
Негізгі мақсаттары: заң алдындағы теңдік, құқық бұзушылық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыру.
2025 жылғы 1 сәуірдегі №200 Қазақстан Республикасының Үкіметінің Қаулысымен 2025–2030 жылдарға арналған «Заң мен Тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілету Концепциясы (бұдан әрі – «Заң мен Тәртіп» Концепциясы) бекітілді.
«Заң мен Тәртіп» Концепциясының негізгі мақсаты – қоғамда заңдылық принципінің сақталуын күшейтуге мүмкіндік беретін нақты әлеуметтік, экономикалық және құқықтық нәтижелерге қол жеткізу: құқық үстемдігі, барлық азаматтар үшін заң талаптарының қатаң орындалуы, адамның құқықтарының мызғымас сақталуы, заң алдындағы теңдік және құқықтық жауапкершіліктің бұлтартпастығы.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасында «Заң мен тәртіп» нарративі жүйелі түрде жүргізіліп, ол мемлекеттің дамуының базалық құндылықтық бағдары ретінде бекітіледі. Аталған ұстаным заңның үстемдігін күшейтуге, жария биліктің барлық субъектілерінің институционалдық тәртібі мен жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ құқық қолдану жүйесінің тұрақты және болжамды болуын қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасында адам құқықтарын қорғаудың маңызды элементі ретінде адвокатура институты алғаш рет бекітілді (оның ішінде сот арқылы қорғалу құқығы мен білікті заң көмегін алу құқығы). Бұл адвокаттық қызметтің мәртебесін негізгі заң деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасына адвокатураның мәртебесі мен оның құқықтық мемлекеттегі рөліне арналған жеке бап енгізілді. Аталған бапта адвокатура мемлекет кепілдік берген құқықтар мен бостандықтарды іске асыруға ықпал ететіні, ал заң көмегі адвокаттармен және заңда көзделген өзге де тұлғалармен көрсетілетіні көрсетілген (86-бап).