
Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы Конституциялық комиссия тарапынан дайындалды. Жоба азаматтардың, сарапшылар мен кәсіби қауымдастықтың, саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттарының тұжырымдамалық ұсыныстарын жан-жақты, мұқият әрі ең бастысы – ашық талқылау нәтижесінде әзірленді.
Бұл ауқымды жұмыс жарты жылдан астам уақыт жүргізілді.
Жаңа Конституция - еліміздің қазіргі саяси-құқықтық даму кезеңін айқын көрсетеді. Онда Әділетті Қазақстанның негізгі конституциялық құндылықтары нақты бекітілген. Бұл құндылықтардың негізінде – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары тұр.
Жаңа Конституция жобасы Преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.
Негізгі заңның Преамбуласы толық жаңартылды. Ол енді тек кіріспе сипатта ғана емес, сонымен қатар жүйе құрушы мәнге ие. Преамбулада еліміздің өткенін бейнелейтін және бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапқан.
«Әділетті Қазақстан» құндылықтары мен «Заң мен тәртіп» қағидалары нығайтылды. Сонымен бірге азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары басымдылығы нақты айқындалды.
Қазақстан Республикасының қызметінің негізін қалаушы қағидаттары қайта пайымдалып, түбегейлі түрде кеңейтілді: егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру. Сондай-ақ жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясын ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбекқорлық, прогресс пен білім құндылықтарын орнықтыру, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау басым бағыттар ретінде айқындалды.
Аталған қағидаттардың мәні терең және олар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіліп отыр. Әрқайсысы қоғамның сұранысын білдіріп, Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған дәйекті стратегиялық бағытты айқындайды.
Қазақстандағы қолданыстағы құқық мәселелеріне арналған конституциялық нормалар нақтыланды. Олардың негізгі мақсаты – толық құқықтық айқындық пен болжамдылықты қамтамасыз ету.
Елдің жекелеген аумақтарында «қаржы саласында» арнайы құқықтық режимді немесе «жедел дамитын қала» мәртебесіндегі арнайы құқықтық режимді енгізу мүмкіндігі туралы жаңа норма көзделді. Бұл Астана халықаралық қаржы орталығының қызметіне және Алатау қаласын дамытуға қатысты. Басты мақсат – елдің экономикалық дамуын жеделдету.
Діннің мемлекеттен бөліну қағидаты тікелей түрде бекітіледі. Бұл зайырлы мемлекет қағидаттарына және азаматтардың діни наным-сенімдеріне қарамастан теңдігіне негізделген айқын ұстанымды қалыптастырады.
Сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясатының негіздері өзектендірілді. Олар – халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын құрметтеу, сыртқы саясатты бейбітшілік пен ынтымақтастық рухында жүргізу
Адам мен азаматтың негізгі құқықтарының барлық санаттарының мазмұны – жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтар – тиісті кепілдіктерді бекіту арқылы жаңартылды.
Жеке адамның қол сұғылмаушылығына берілетін кепілдіктер күшейтілді. Атап айтқанда, адам қадір-қасиетімен қатар ар-намысының қол сұғылмаушылығы танылды, цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау және процестік ықпал ету шараларын қолдану кезіндегі адам құқықтары қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ «Миранда ережесі» мен кінәсіздік презумпциясы дербес қағидаттар ретінде бекітілді.
Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау мақсатында неке мен отбасы құндылықтары түбегейлі түрде күшейтілді.
Қазақстан Республикасы азаматтарының табиғатты сақтау және табиғи байлықтарға ұқыпты қарау міндеті белгіленді. Бұл қоршаған ортаны қорғау саясатының құқықтық негізін нығайтып, аталған бағыттың қоғамдық маңызын айқындайды.
Пассивті сайлау құқығын іске асыруды нақтылау аясында жария билік органдарын қалыптастыру контексінде сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік» төзімділік қағидаты күшейтілді.
Үшінші бөлім «Президент» саяси жүйенің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының қисынды жалғасы болып табылады.
Президент сайлауын өткізу мерзімдері мен ант қабылдау тәртібі конституциялық деңгейде белгіленді.
Бұл ретте Конституцияда көзделген жағдайларда кезектен тыс Президент сайлауын тағайындаудың жаңа тетігі енгізілді. Аталған сайлау тек Құрылтайдың шешімімен тағайындалады
Президенттің Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы, кадрлық өкілеттіктері мен нормашығармашылық функциялары айқындалды.
Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздері мен тәртібіне қатысты конституциялық нормалар толықтырылды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының өз еркімен отставкаға кету құқығы нақты бекітілді.
Аталған рәсімдер конституциялық талаптардың сақталуын тексеретін Конституциялық Сот арқылы жүзеге асырылатын болады.
Президенттің өкілеттігін Конституцияда белгіленген тәртіппен Вице-Президентке, Құрылтай Төрағасына немесе Премьер-Министрге беру рәсімдері нақты және айқын көрсетілген.
Мемлекеттік биліктің жаңа институты – Вице-Президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктері регламенттелді.
Парламенттің жаңа бір палаталы моделіне арналған нормалар елдің Негізгі заңының төртінші бөліміне енгізілді.
Құрылтай 145 депутаттан тұрады және олар пропорционалды сайлау жүйесі арқылы сайланады. Бұл саяси плюрализмнің дамуы мен партиялық жүйенің либерализациясына сәйкес келеді.
Парламент палаталарының қолданыстағы өкілеттіктері, бірлесіп, кезең-кезеңімен немесе жеке-жеке жүзеге асырылатын болса да, жаңа бір палаталы модельге органикалық түрде интеграцияланды.
Заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілердің ауқымы нақты анықталып, заңдармен реттелетін маңызды қоғамдық қатынастардың тізімі кеңейтілді, сондай-ақ заң жобаларын қараудың үш кезеңді моделі енгізілді.
Аталған жаңашылдықтарды ескере отырып, Құрылтай Парламенттің кәсіби, жедел және тиімді жұмыс істейтін үлгісіне айналуға тиіс. Осы арқылы елдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге жаңа қарқын беріліп, олардың сапасы арттырылады.
Алтыншы бөлім Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты мәселелерді реттейді. Кеңес – жоғары консультативтік орган, құрамына ел азаматтары кіреді және Қазақстан халқының мүддесін білдіреді. Екі бапта да оның атауы қазақ тілінде бекітілген.
Кеңестің өкілеттіктеріне заң жобаларын Құрылтайға енгізу, жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасын көтеру, сондай-ақ өзге де маңызды функциялар кіреді.
Конституциялық соттың мәртебесі – тәуелсіз мемлекеттік орган ретінде, конституциялық бақылауды жүзеге асырып, Конституцияның үстемдігін бүкіл ел аумағында қамтамасыз ететін орган ретінде бекітілді.
Конституциялық бақылау органы қабылдаған шешімдердің құқықтық салдары нақтыланды.
Адвокатура мен заң көмегін көрсететін өзге де тұлғалардың құқықтық мәртебесі алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілді.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі бөлек бөлімде бекітілді.
Конституцияға кез келген өзгерістер тек референдум арқылы енгізіледі.
Жаңа Конституция қоғам мен мемлекеттің стратегиялық дамуының мақсаттарына сай келіп, негізгі қоғамдық-саяси институттарды түсіну және олардың даму перспективаларына қатысты заманауи концептуалды тәсілдерді қамтиды.
Жаңа Конституция қоғам мен мемлекеттің стратегиялық даму міндеттеріне жауап бере отырып, негізгі қоғамдық-саяси институттарды түсіну және олардың даму перспективаларын бағалау үшін заманауи тұжырымдамалық тәсілдерді қамтиды.
Барлық новеллалар адам құқықтарын толық іске асыруға және Конституцияға негізделген құқық үстемдігін қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Олар «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» концепциясының логикасына сай келеді.
Елдің жаңа Негізгі заңы қоғам мен мемлекеттің эволюциясының сапалы жаңа кезеңін бастауға берік негіз қояды.