Электрондық апостиль

Электрондық апостиль

Мемлекеттік қызметтерді цифрлық трансформациялауға бағытталған мемлекеттік саясат шеңберінде мемлекеттік басқарудың барлық салаларына цифрлық шешімдер белсенді түрде енгізілуде. Цифрландырудың маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру болып табылады.
Осындай қызметтердің бірі – электрондық апостиль, яғни шетелде пайдалануға арналған құжаттың түпнұсқалылығын ресми растау.
Әділет органдары әділет органдарынан, азаматтық хал актілерін тіркеу органдарынан, нотариустардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарынан шығатын құжаттарға апостиль қою жөніндегі өкілеттіктер берілген. Бұл ретте апостиль қоюға уәкілетті емес мемлекеттік органдар берген құжаттар бойынша қолтаңба үлгісі мен мөр бедері болған жағдайда апостиль қою жүзеге асырылады.
Онлайн өтініш беру үшін egov.kz порталында немесе mobile қосымшасында авторизациядан өтіп, барлық сұратылатын жолдарды толтыру, апостиль қойылатын құжаттың сканерленген көшірмесін қоса тіркеу, 0,5 АЕК (2162,5 теңге) мөлшеріндегі мемлекеттік бажды төлеу және өтінішті электрондық цифрлық қолтаңба арқылы растау қажет.
Айта кету қажет, сенім білдірілген тұлға жүгінген жағдайда нотариаттық куәландырылған сенімхат «Өзге құжаттар» бөлімінде қоса тіркелуі тиіс. Алайда, іс жүзінде өтініш берушілер сенімхатты апостиль қойылатын құжатпен бірге тіркейтін жағдайлар жиі кездеседі.
Осыған байланысты, апостиль қойылуға ұсынылған құжаттардың құрамында бірнеше құжат болғандықтан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес мемлекеттік баж әрбір құжат үшін жеке-жеке төленетіндіктен, әділет органдары мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға мәжбүр болады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Әділет департаментіне барлығы 1871 өтініш келіп түсті, оның ішінде 1745 өтініш (93,2 %) электрондық форматта берілген. Ұсынылған өтініштердің жалпы санынан 203 өтініш бойынша бас тарту рәсімделген, оның 70 %-ы бірнеше құжаттың бірге қоса тіркелуіне байланысты.