15 қазанда Семей қаласының ауданаралық әділет басқармасының бас маманы Асия Каленова және жетекші маман Сауле Галиевамен Шығыс Қазақстан облысы №2 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Р.З. Байжуманова, Семей қаласының №2 сотының судьясы А.Т. Ахметова, Семей қаласы прокуратурасының бөлім басшысы Ж.Е. Жұмағулов және адвокаттар алқасының адвокаты Д.О. Токтаровтың қатысуымен ZOOM бағдарламасы бойынша бейне- және аудиожазбалар арқылы онлайн-форматта «Қазіргі қоғамдағы адам саудасына қарсы күрес» тақырыбында семинар өткізілді.
Аталған іс-шараны өткізудің мақсаты – адам саудасына байланысты қылмыстар саласында хабардарлықты арттыру.
Семинар барысында АҚШ Мемлекеттік департаментінің Адам саудасы туралы жыл сайынғы баяндамасы туралы мәселе талқыланды, оған сәйкес 2019 жылы Қазақстан Екінші деңгейдегі бақылау тізіміне енді. Әр елде жеке бас бостандығына құқық заңмен бекітілген, дегенмен адам саудасы қазіргі қоғамдағы өткір проблема болып қала береді. Осыған байланысты адам саудасына қатысты қылмыстарды тергеу және соттық қудалауды жүргізу рәсімін жақсарту үшін қатысушылар адам саудасы құрбандарының әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ететін заңнамалық өзгерістер енгізу қажеттігі туралы атап өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша онлайн-семинарға қатысушылар адам саудасына байланысты қылмыстарды болдырмау, алдын алу және оларға қарсы күрес бойынша халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруды ұсынды.
ШҚО Әділет департаментінің баспасөз қызметі