Баланың дүниеге келуі

Баланың дүниеге келуі

Баланың дүниеге келуі – әрбір адамның өміріндегі маңызды әрі жауапты қадам.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы ҚР Кодексінің 187 бабына сәйкес бала тууды тіркеу үшін туу туралы медициналық куәлік немесе туу туралы фактін дәлелдейтін сот шешімінің көшірмесі негіз болып табылады. Баланы туу туралы медициналық куәлікте баланың анасы туралы барлық қажетті деректер (тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде), сондай-ақ баланың туылған күні мен жынысы, құжатты беру күні көрсетіледі.

«Баланың тууы туралы өтінішті оның ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар тіркеуші органдарға ол туған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей беруге тиіс.

«Бала Қазақстан Республикасынан тыс жерде туған жағдайда баланың тууы туралы өтінішті оның ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне оның туған күнінен бастап екі айдан кешіктірмей беруге тиіс»;

Бала өлі туған жағдайда, босанған кезден бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей медициналық ұйымның жауапты лауазымды адамы өтінішті береді.

Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш кез-келген тіркеуші органға, қаладағы, аудандық маңызы бар қаладағы аудандардың жергілікті атқарушы органдарына, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдеріне немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ өтініш берушінің өтініші бойынша жазбаша түрде немесе портал арқылы электронды түрде берілуі мүмкін.

Сондай-ақ «Электрондық үкімет» порталында баланың тууын тіркеудің екі тәсілі бар. Бірінші – ата-аналар баланың тууын онлайн режимінде тіркейді, бұдан кейін әлеуметтік төлемдерді тағайындауға электрондық өтініш береді. Онлайн өтініш берудің екінші нұсқасы баланың тууына байланысты қызметтердің кешенін композиттік қызмет ретінде алуды пайымдайды. Бір қызмет арқылы баланың тууын тіркеуге өтініш, бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға өтініш беруге, сондай-ақ баланы балабақшаға кезекке қоюға (бұл жерде аталған қызметтер жеке де көрсетілуі мүмкін екенін атап өту қажет).

Проактивті бала тууды тіркеу

Бала өмiрге келiсiмен оның ата-анасына SMS-хабарлама арқылы құттықтау келiп, сәбидi тiркеу бойынша мемлекеттiк қызметтi алу ұсынысы жасалады. Баланың тууына байланысты проактивті қызметтерді көрсету бойынша пилоттық жоба Қазақстанның барлық облыстарында іске қосылды.

Проактивті қағида бойынша қызметті көрсету үшін ЭҮП-дағы жеке кабинетте ұялы телефон нөмірін сіздің ЖСН-мен байланыстыруды жүзеге асыру қажет.

Сондай-ақ, туу бойынша жәрдемақы ресімдеу үшін шот нөмірін көрсету қажет. Тууын мемлекеттік тіркеуден кейін бала туралы қажетті мәліметтер оны мектепке дейінгі мекемелерге есепке қою үшін жергілікті атқарушы органдарға беріледі.

Қызметті алушының таңдауы бойынша дайын туу туралы куәлікті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ алып кетуге болады.