ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 1 бабының 4) тармақшасына сәйкес жеке сот орындаушысы –атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына уәкілетті орган берген лицензия негізінде, заңды тұлға құрмай атқарушылық құжаттарды орындау бойынша жеке практикамен айналысатын ҚР азаматы болып табылады.
Сонымен қатар, Заңның 99-бабына сәйкес, алимент төлемдерін жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады және осы Заңның 32-бабына сәйкес, атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету шараларын қолданады және осы Заңның 61-бабына сәйкес өндіріп алуды қолдануға болмайтын мүлікті қоспағанда, борышкердің мүлкіне өндіріп алуды қолданады.
Осы орайда, әділет департаменті қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылау жүргізеді.
Өз кезегінде, мүліктен өндіріп алу туралы сот орындаушысы қаулы шығарады. Алимент бойынша берешекті сот орындаушысы тоқсан сайын айқындайды.
Алименттер бойынша берешек мөлшерін сот орындаушысы өндіріп алу жүргізілмеген уақыт ішінде борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негізге ала отырып, шешім орындалатын жерді белгілейді.
Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс істемеген немесе оның жалақысын және өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда ай сайынғы төлемдер және (немесе) алимент бойынша берешек оны өндіріп алу кезінде Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшері негізге ала отырып, айқындалады.
Осыған орай, жеке сот орындаушылары өздерінің міндеттерін жүзеге асыру үшін заңдық тұрғыда арнайы өкілеттікте берілген, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды қабылдау бойынша өздеріне заңмен жүктелген міндеттерді орындайды. Жеке сот орындаушыларының тарапынан құқықтық бұзушылықтарға жол берілсе, оларды жою шаралары алынады.
Қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі- алимент мәселесі болып тұр. Ажырасу көп болғандықтан, борышкерлер саны да өсуде. Бауыр еті балаларынан безіп, алимент төлемей қашып жүрген безбүйрек әкелердің жыл санап өсіп келе жатырғандығы жасырын емес.
Басты себебі-тұрақты жұмыс орнының болмауы. Ажырасқан азаматтардың көпшілігі алиментті уақытында төлемей жалтарса, қалғны мүлде төлемейді. Бұған жоғарыда атап өткендей, жұмыссыздықпен бірге ішімдікке салынуы себеп болуы мүмкін.
Өкінішке орай, жалақысын әдейі дұрыс көрсетпей, төмендетіп жаздыртып алу фактілері де кездеседі.
Алимент төлемей қашып жүрген безбүйрек әкелерге мәжбүрлеу шаралары қолданылады, есеп шоттары бұғатталады, шетелге шығу құқықтарынан айырылады, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған.
Борышкер өзінің табыс көздері жұмыс орны, мүліктері жайлы жеке сот орындаушысына мәлімет беруі тиіс. Жеке сот орындаушысы ешкімге тәуелді болмай, жеке табысы арқылы өзін-өзі қаржыландырады.
Тағы бір, айта кететін жайт: алименттен жалтарып жүргендердің арасында қалталы азаматтар да кездеседі.
Сонымен қатар, борышкер мен еңбек қатынасында тұрған немесе ол табыс алатын адамдар сот орындаушысын тағайындаған мерзімде борышкердің жұмыс орны мен оның табыстары атқарушылық құжатқа сәйкес ұстап қалу жүргізілгендігі және өндіріп алынған соманың өндіріп алушыға жіберілгендігі туралы борышкердің ақша сомалары мен мүлкінен өндіріп алу жөнінде, сондай-ақ орышкердің жұмыстан босатылғаны туралы, егер өздеріне белгілі болса, оның жаңа жұмыс орны немесе тұратын жері туралы дәйекті мәліметтер беруге міндетті. Сот орындаушысының бұл талаптарын орындамау әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
Яғни, борышкер жұмыс орнының, тұрғылықты жерінің өзгергендігі туралы, сондай-ақ жаңа табыс көздерінің және мүлкінің пайда болғаны туралы мәліметтерді туындаған кезден бастап 3 жұмыс күні ішінде сот орындаушысына хабарлауға міндетті.
Барлық алимент төлемдері бойынша берешекті өндіріп алу алимент төлеушінің жалақысынан немесе басқа да табыстарынан жүргізіледі.
Сот орындаушысының берешекті айқындау туралы қаулысына заңда белгіленген тәртіппен шағым жасауы немесе наразылық білдірілуі мүмкін.
Алайда, көптеген аналар алимент өндіру үшін қайда барып, арыздануды білмей жатады. Осы орайда, әділет департаментіне келіп, азаматтар өздерін толғандырып жүрген көкейтесті мәселелермен жүгініп, мамандардан мына мекен-жай бойынша Ақтау қаласы 3б шағын ауданы 16 ғимаратқа келіп кеңес алуға болады. Әрбір азаматтардың арыз-шағымдары қараусыз қалдырылмайды, мерзіміне сәйкес жауап беріледі.
Маңғыстау облысының
әділет департаментінің
басшысының орынбасары Ә.Көшкінбаева