
Маңғыстау облысының Әділет департаменті тарапынан «Заң мен тәртіп» қағидатын ақпараттық ілгерілету және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Осы орайда, Маңғыстау облысының Әділет департаментінің басшысы А.Н.Каримов Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Б.Б.Ахметовпен кездесу өткізіп, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ашылған «Заң клиникасының» жұмысымен танысты.
Аталған арнайы кабинеттің негізгі мақсаты – заңгер мамандығы бойынша білім алатын студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру, кәсіби дағдыларын дамыту, сондай-ақ тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беру болып табылады.
Сонымен қатар, Заң клиникасында білікті заң қауымдастығы өкілдері, атап айтқанда адвокаттар, заң консультанттары, жеке сот орындаушылары және жекеше нотариустар тарапынан азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылып, олардың сұрақтары тыңдалып, заңнама аясында тиісті шешу жолдары ұсынылады.
Бұл бастама азаматтардың құқықтық көмек алу мүмкіндігін кеңейтуге және халықпен кері байланысты нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, Заң клиникасының қызметі студенттердің теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануына, кәсіби машықтарын жетілдіруіне мүмкіндік береді. Әділет департаменті құқықтық көмектің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз ету мақсатында нақты шаралар қабылдап, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға басымдық беруде.