Тәуелсіздік- мәңгілік елдің тұғыры
Ұлттың рухын көтеретін, ұрпақтың мерейін өсіретін Тәуелсіздік- мемлекетіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес егемендігіміз ең қымбат қазынамыз, ең асыл аманатымыз.
Мемлекет басшысы биылғы жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялады. Мемлекет басшысы «Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші онжылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды. Алдағы төртінші он жылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр»- деген болатын. Елбасы «Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні» атты мақаласында Тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуінің ұлы шежіресі бірқатар тарихи кезеңдерден тұрады. 1990 жылдың сәуірі-Республика Президенті лауазымын тағайындау, 1990 жылдың қазаны-Қазақстанның тәуелсіздігі туралы туралы Декларация, 1991 жылдың тамызы-Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және Республикалық егемен алтын-валюта қорын құру, 1991 жылдың желтоқсаны алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау, біздің мемлекетіміздің жаңа атауы туралы шешім қабылдау, 16 жетоқсан-«Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдау, 1993 жылдың 15 қарашасы –өзіміздің ұлттық валютаны және қаржы жүйесін енгізу»-деп еске алады.
Тәуелсіз елдің елдігін, әлемдік аренадағы ресми «құжатын» танытатын бірден-бір белгісі-мемлекеттік рәміздері. Мемлекеттік рәміздер-бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізі. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік туы мен елтаңбасы 1992 жылы ресми қабылданды. Бұл екі символика да Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей мақұлдауымен, халықтың таңдауымен жасалған. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Қазіргі орындалып жүрген әнұранның авторлары Нұрсұлтан Назарбаев пен Жұмекен Нәжімединов, әуенін жазған Шәмші Қалдаяқов.
Тәуелсіздіктің көк туы аспанға желбіреген тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шекарамызды шегендеп бекіту ісін қолға алды. 10 жылға созылған шекараны бекіту процесі 2001 жылы аяқталып, Елбасының көреген саясатының негізінде Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орынға ие болып отыр. Ел тарихындағы елеулі құжаттардың бірі –Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаулары. Жыл сайын жарияланып отырған Жолдауларда ел дамуы, экономика, ішкі-сыртқы саясат, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мәдениет, білім, денсаулық, электронды үкімет, цифрлы Қазақстан бағдарламалары қамтылып отыр.
Бірлігі жарасқан ел ғана жолында кездескен барлық қиындықтардан аман өтеді. Сондықтан ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың міндеті. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын.
Маңғыстау облысы әділет департаментінің
Маңғыстау ауданаралық әділет басқармасының басшысы
Г. Ауданбаева