Сот биологиялық сараптаманың маңыздылығы.
Сот-биологиялық медициналық сараптамаларды тағайындау мен жүргізудің процестік тәртібі Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде, Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген.
Көрсетілген сот сараптамасы түрлерін ұйымдастырудың және сот-сараптама зерттеулерін жүргізудің тәртібі Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасында белгіленген.
Сот медицинасы - сот және тергеу тәжірибесіндегі медицина, биология және жаратылыстану сұрақтарын шешуші және зерттеуші медициналық ғылым.
Сот биологиялық медициналық сараптамасы тергеу жүргізген орындарының қаулысы бойынша, қылмысқа қатысты айғақты заттарды ғылыми әдістемелерді пайдаланып, зерттеу арқылы жүргізіледі.
Сот биологиялық медициналық сараптамасы адам ағзасынан бөлінген барлық биологиялық сұйықтықтар мен олардың тобын, тобына қарай кімге тиесілі екенін анықтау бойынша үлкен маңызы бар. Сот медицинасында биологиялық обьектілерге жататындар: сұйық қан, құрғақ қан, шәует, бұлшық ет, сүйек, тін, ұлпа, тер май іздері, тер іздері, сілекей, нәжіс, зәр, шаш, тырнақ, өт, тағы басқалары.
Сот–медициналық тәжірибе қылмыстық және азаматтық істерде биологиялық тұрғыда тірі тұлғалар, мәйіттер, заттай дәлелдемелер бола алады. Мысалы, түр бойынша, топтық, жыныстық және қанның құрамы, сонымен қатар шәует іздері бойынша табылған ультра-фиолетті шағылыста қарау, шаш белгілерінің әр түрлі морфологиялық микроскопты зерттеуі, оқшаулы ұлпаларға жасушалық зерттеу, мүшенің бөліктеріне және басқада ғылыми зерттеу әдістер арқылы анықталады.
Денедегі және киімдерде қан ізі адам өлімі кезінде, сексуалдық сипаттағы аса ауыр іс әрекеттер мен дене жарақаттарын салу жөніндегі қылмыстық істерді тергеу тәжірибесіне маңызды роль атқарады.
Қан топтарын анықтау. Қан тобының классикалық жүйесі сот медициналық сараптамасы үшін бірінші сатыда тұрады. Бұл жүйе қан тобын 00 (І), АО (ІІ), ВО (ІІІ) және АВ (ІҮ) жіктейді. Сот медициналық биологиялық сараптамада қан табын анықтау тәсілі ғылыми әдістермен тек топқа қатысты антигенді анықтап қана қоймай, қосымша қосалқы антигендерді анықтау жүргізіледі. Клиникалық зертханаларда қосалқы антигендерді көбіне көрсетпейтіндіктен барлық адамдар өз топтық қатынасын толық білмеуі де мүмкін. Яғни, егер ата-анасының бірінде О(І) топты болса, кейінгі ұрпақтарының қанында да осы топқа қатысты Н антиген болады. Мысалы егер жеке адамда А,В,Н антигендер жиынтығы анықталса, онда ол қосалқы Н антигені бар, АВ (ІҮ) топ.
Сот биологиялық сараптамада айғақты заттардан: киім кешек, қылмыс болған орындағы тұрмыстық заттарда, қаруда, жер, топырақ, құмда, сұйықтықтарда нақты қай топ иесінің іздері бар екенін дәлелді түрде анықтайды. Әсіресе қылмыс орын алған жерде, қарау жүргізу кезінде қан іздерін анықтау және айғақты зат ретінде зерттеуге ұсыну, қылмыстық істі ашу барысында маңызды. Көп жағдайларда қылмыскер ісін және ізін жасыру үшін оларды жойып кетеді, сондықтан белгіссіздеу іздерді табу мүмкіндігі ғылыми әдістерді пайдаланып, нақты қарауды талап етеді.
Зорлық және сексуалдық сипаттағы аса ауыр іс әрекеттерді жасау жөніндегі қылмыстық істерде шәует іздерін табу, тергеу тәжірибесінде маңызды роль атқарады. Шәует іздерін әр түрлі нысандарда немесе құралдарды пайдалану арқылы, жәбірленуішінің денесінде және киімінде, күдіктінің денесінде, киімдерде және қолданған тұрмыстық затынан табылу мүмкін. Шәует құрғақ күйінде ұзақ жылдар бойына сақталады. Сол себептен айғақты заттарды қылмыс орнынан жинау кезінде айғақты заттарды биологиялық сараптамаға дейін белгілі ережелерге сай сақтап, кептіріп, жеткізген дұрыс. Шәует іздерін табу барлық әдістемесі нақты емес немесе дәлелді сатылармен бөлінеді. Дәлелдемелік әдістер, микроскоптық әдістер.Микроскоптық зерттеу әдісі қарапайым шәуеттің, сперматозоидтардың киімдерде және басқа да айғақты заттарда табылуымен дәлелденеді. Бірақ айғақты заттардың жинақталуы да, айғақты заттың жеткізілуі де, оралып, сақталуы да, сараптама кезінде сол жеке сперматозиодтың тұтастай немесе бөлшектеп табылуына да әсер етеді. Одан басқа да химиялық әдістермен және экспресс әдістермен шәуетке тән простато-спецификалық антиген мен оның топтық құрамын анықтау қылмыстық істі дәлелдеу барысында маңызды.
Тері май мен тер іздерін анықтау және олардың топтық қатынасын белгілеу: тонау кезінде қалдырылған іздерді, қару-жарақтарда қалдырылған іздері бойынша пайдаланушыны анықтау, зорлық пен сексуалдық сипаттардағы іс әрекеттер кезінде айғақты заттарда тер іздерін анықтау тергеу барысында көмегі мол.
Тергеу барысында адамға қарсы жасалған қылмыстық іс әрекеттердің оқиға орнынан алынған ағзадан бөлінген сұйықтықтар арқылы қылмысқа қатысы бар заттарды анықтауда да маңызы ерекше.
Жалпы сот медициналық биологиялық сараптамада сарапшының шешуіне жиі қойылатын сұрақтар: Зерттеуге ұсынылған айғақты заттарда адамға тән биологиялық сұйықтықтар (қан, шәует, сілекей т.б.) бар ма? Бар болса, топтық қатынасы бойынша кімге (жәбірленуші, күдікті, куә) тиесілі? Оқиға орнында табылған бірнеше дана талшық (шашқа ұқсас) адамға немесе жануарға тиесілі ма? т.б.
Сот медициналық биологиялық сараптамада жасалған зерттеулерден соң нақты қай анықталған топ иесінің қылмысқа қатысты болуы мүмкіндігін немесе қатысты еместігін анықтап, гендік молекулярлы сараптамаға нақты дәлелдік айғақты заттарды белгілеуге мүмкіндік береді. Сол сияқты сүйек пен шаштың тобын анықтау, белгісіз адамдардың кім екендігін анықтау барысында биологиялық сараптаманың орынының маңызы ерекше.
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының «Сот Сараптамалары Институты» биолог сарапшысы,
биология ғылымының магистрі Абдикадирова Д.Б.