Борышкерден алиментті өндіру тәртібі
27.06.2020 жылы мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын.
Аталған түзетулер арқылы сот орындаушыларына алименттерді өтеу туралы атқарушылық құжаттарды орындауға басымдық беру бекітілді.
Өз кезегінде, сот орындаушыларының алиментті өндіруде ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 2-параграфын, яғни, алименттерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындауға бағытталған төмендегідей шараларды қабылдайды.
Алимент төлемдерін жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады және ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 32-бабына сәйкес атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету шараларын қолданады және ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 61-бабына сәйкес өндіріп алуды қолдануға болмайтын мүлікті қоспағанда, борышкердің мүлкіне өндіріп алуды қолданады.
Мүлiктен өндiрiп алу туралы сот орындаушысы қаулы шығарады.
Алимент бойынша берешекті сот орындаушысы тоқсан сайын айқындайды.
Сот орындаушысы берешек айқындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қаулыны танысу үшін атқарушылық іс жүргізу тараптарына жібереді.
Берешек өтелген кезде атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз етудің қолданылған шаралары тоқтатылуға жатады.
Алименттер бойынша берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негiзге ала отырып, шешiм орындалатын жерде белгiлейдi.
Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмeген немесе оның жалақысын және өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, ай сайынғы төлемдер және (немесе) алимент бойынша берешек оны өндiрiп алу кезiнде Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерi негізге ала отырып айқындалады.
Мүгедектігі бар адамдар болып табылатын борышкерлер үшін алименттер бойынша ай сайынғы төлемдер немесе берешек – олардың ай сайынғы жалақысынан және өзге де кірісінен, ал олар жұмыс істемейтін жағдайда, бюджет қаражатынан және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін ай сайынғы жәрдемақылардан және (немесе) әлеуметтік төлемдерден айқындалады.
Борышкермен еңбек қатынасында тұрған немесе ол табыс алатын адамдар сот орындаушысы тағайындаған мерзiмде борышкердiң жұмыс орны мен оның табыстары, атқарушылық құжатқа сәйкес ұстап қалу жүргiзiлгендiгi және өндiрiп алынған соманың өндiрiп алушыға жiберiлгендiгi туралы, борышкердiң ақша сомалары мен мүлкiнен өндiрiп алу жөнiнде, сондай-ақ борышкердiң жұмыстан босатылғаны туралы, егер өздерiне белгiлi болса, оның жаңа жұмыс орны немесе тұратын жерi туралы дәйекті мәлiметтер беруге мiндеттi. Сот орындаушысының бұл талаптарын орындамау әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
Барлық алимент төлемдері бойынша берешекті өндiрiп алу алимент төлеушiнiң жалақысынан және басқа да табыстарынан жүргізіледі.
Сот орындаушысы өндіріп алушының (заңды өкілінің) өтініші бойынша кез келген уақытта, бірақ көп дегенде тоқсанына бір рет борышкердің жалақысы мен басқа да табыстарынан ұстап қалудың және ұсталған сомаларды өндіріп алушыға жіберудің дұрыстығы мен уақтылы жүргізілуін бақылауды жүзеге асырады.
Борышкер шетелге тұрғылықты тұруға немесе жұмысқа және әскери қызметтi өткеруге кеткен жағдайда алименттерді өндіріп алу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен және халықаралық шарттармен айқындалады.
Сонымен қатар, борышкердiң алимент бойынша берешегi оны төлеуден жалтару салдарынан құралған жағдайда берешек сомасына Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 171-бабының 1-тармағына сәйкес тұрақсыздық айыпақы есептеледi.
Жоғарыдағылардың негізінде, қазіргі таңда сот орындаушыларына алимент санатындағы атқарушылық құжаттарды орындатуға заңнамамен басымдық берілген.
Маңғыстау облысының
Әділет департаментінің
«Ақтау аумақтық сот актілерін
Орындау жөніндегі бөлімі»
филиалының басшысы
аға сот орындаушысы
Ғ.Нармуханбетов