ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексте 13-бабына сәйкес неке (ерлі-зайыптылық) некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың тікелей қатысуымен тіркеуші органдарда не арнайы мемлекеттік неке сарайларында қиылады.
Некеге тұруға (ерлі-зайыпты болуға) ниет білдірген адамдардың біреуі тіркеуші органға келе алмайтын айрықша жағдайларда (ауыр науқастануы, жүріп-тұру қиындығымен байланысты мүгедектігі, күзетпен ұсталуы немесе бас бостандығынан айыру орындарында болуы) некені қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу үйде, медициналық немесе өзге де ұйымда тиісті ұйымның әкімшілігімен міндетті түрде келісіле отырып, некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың қатысуымен жүргізіледі.
Неке қию (ерлі-зайыпты болу) некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірушілер тіркеуші органға өтініш берген күннен бастап 15 күн мерзім өткен соң жүргізіледі.
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші орган құжаттамамен расталған дәлелді себептер болғанда, бұл мерзімді қысқартады немесе ұзартады.
Айрықша мән-жайлар (жүктілік, бала тууы, тараптардың бірінің өміріне тікелей қауіп төнуі және басқа да айрықша мән-жайлар) болған кезде некені қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу некеге отырушылардың (ерлі-зайыпты болушылардың) қалауы бойынша өтініш берілген күні жүргізіледі.
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдіруші адамдар не олардың біреуі, сондай-ақ олардың заңды өкілдері тіркеуші органның неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуден бас тартуына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.