Жалағаш ауданында «Әділет кеңес береді» акциясы өтті

Жалағаш ауданында «Әділет кеңес береді» акциясы өтті
Әділет департаментінің негізгі міндеттерінің бірі – құқықтық көмек пен заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылады.
Осы орайда, бүгін Қызылорда облысының Әділет департаменті мен «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалы бірлесіп, Қызылорда облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының Жалағаш аудандық бөлімінде және Жалағаш ауданының емханасында тұрғындарға «Әділет кеңес береді» акциясын ұйымдастырды.
Шараға Қызылорда облысы Әділет департаментінің сала мамандары, адвокат, мемлекеттік және жеке сот орындаушылары қатысып, тұрғындарға құқықтық көмек көрсетті.
Қазірде нотариус қызметін тұтынбайтын адам кемде-кем. Қоғамның қандай да бір заңдық тұрғыдағы құжаттарының басым көбін осы нотариустар рәсімдейді. Нотариустың әрбір әрекеті «Нотариат туралы» Заңмен реттеліп отырады. Нотариат саласы бойынша тұрғындардан бірнеше сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, мұраға құқық туралы куәлікті рәсімдеу, тұрғын үйді өз атына аудару т.б. қойылған сұрақтарға мамандар тарапынан жауаптар берілді.
Алимент төлемдерін өндіру қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі. Баланы асырау – ата-анасының заңмен бекітілген міндеті, бұл жерде ата-анасының некеде болуы, азаматтық некеде немесе ажырасқан болуы да мүлде маңызды емес. Қамқорлықта, қорғаншылықта немесе патронаттық тәрбиеде болатын балалар, сондай-ақ асырап алынған балалар да алиментке құқылы. Осы мәселе төңірегінде тұрғындардан қойылған сұрақтарға мемлекеттік және жеке сот орындаушылары жауап берді. Одан бөлек төленбеген несиелер, есеп счеттарына қойылған арест, атқарушылық жазбаның күшін жою мәселелері т.б. сұрақтарға заң аясында құқықтық түсіндірмелер берілді. Сондай-ақ, адвокаттар мен заң консультанттарының әрекетіне қатысты шағымдану тәртібі туралы түсіндірмелер жүргізілді.