
2026 жылдың 28 шілдесінде Қызылорда облысы Әділет департаментінің ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында «Әділет керуені» облыстық құқықтық акциясы өткізілді. Іс-шараға Әділет департаментінің сала мамандары, адвокаттар мен нотариустар қатысып, азаматтарға тегін заң көмегін көрсетіп, құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді. Атап айтқанда, тұрғындарға жылжымайтын мүлікті рәсімдеу, жер қатынастары, нотариаттық іс-әрекеттер, атқарушылық іс жүргізу және өзге де құқықтық мәселелер бойынша заң талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар акция барысында азаматтарға жаңа Конституцияның негізгі нормалары мен енгізілген өзгерістердің мәні кеңінен насихатталып, олардың құқықтары мен заңнамалық жаңашылдықтар жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға білікті мамандар заңнама талаптарына сәйкес толық әрі нақты жауаптар берді. Мұндай құқықтық акциялар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтық мәселелерін жедел шешуге бағытталған.