
2026 жылдың 2 маусымында облыс прокурорының төрағалығымен атқарушылық іс жүргізу саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған алқа отырысы өткізілді. Іс-шараға Қызылорда облысы Әділет департаментінің басшысы Б. Әлмеш, Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының өкілдері және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Отырыс барысында атқарушылық құжаттардың орындалу тиімділігін арттыру, борышкерлерден берешекті өндіру тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ саладағы түйткілді мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Қызылорда облысы Әділет департаментінің басшысы Б. Әлмеш атқарушылық іс жүргізу саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, тәжірибеде кездесетін мәселелер бойынша ұсыныстарын білдіріп, саладағы жаңа бастамалар мен жаңашылдықтарды таныстырды. Отырыс барысында жеке сот орындаушыларының қызметінде орын алып отырған бірқатар кемшіліктер мен проблемалық мәселелер атап өтіліп, олардың туындау себептері талқыланды. Сонымен қатар, анықталған кемшіліктерді жою және атқарушылық құжаттардың орындалу сапасын арттыру бағытында нақты тапсырмалар берілді.