Тауар белгісі дегеніміз не?
Тауар белгісі – бір заңды немесе жеке тұлға тауарларының басқа заңды немесе жеке тұлғалардың біртектес тауарларынан ажырату үшін қолданылатын белгі болып табылады. Яғни, заңды тұлғалар немесе жеке кәсіпкерлердің тауарларын даралап жекелеп көрсетуге қызмет ететін белгі. Заң жүзінде тауар белгісін куәландыратын куәлігі бар тауар белгісіне деген айрықша құқық танылады. Тауар белгісін иелену құқығы бар адам оны пайдалана алады, басқа тұлғалардың иелік етуіне және оны пайдалануына тыйым салады. Тіркелген тауар таңбасы өнімді пайдалануға толық құқық береді. Қазақстан Республикасының «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» заңы тауар, қызмет көрсету таңбаларын және тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге, құқықтық қорғауға, пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейді. Тауар таңбасын тіркеуге заң бойынша белгіленген нысанда өтініш беріледі. Одан соң таңба Мемлекеттік тізілімге енгізіліп, тауар иесіне оның ерекше құқығын куәландыратын куәлік табысталады. Куәлік 10 жыл бойы күшінде болып, қолданылу мерзімі әр 10 жылда ұзартылып отыруы мүмкін.