
ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың төрағалығымен Конституциялық реформаны талқылау жөніндегі аппараттық кеңес өтті.
Әділет министрлігінде өткен аппараттық кеңестің күн тәртібінде еліміздің жаңа Конституциясының жобасы қаралды.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев өз сөзінде Қазақстанның қазіргі таңда қоғамдық-саяси дамудың маңызды кезеңінде тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар жаңа Ата заң жобасында адамның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалып, әділдік, заң үстемдігі және тең мүмкіндіктер қағидаттарына ерекше мән берілгенін айтты.
Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова Жаңа Конституцияның негізгі жаңалықтары туралы баяндап, жаңа редакциядағы Конституцияны әзірлеу және талқылау үдерісі ашық форматта өткенін, сондай-ақ шамамен жарты жылға жуық уақытты қамтығанын жеткізді.
Өз баяндамасында вице-министр Конституцияның екінші бөлімі — «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» тарауына ерекше тоқталды.
Аталған бөлімде адамның ең жоғары құндылық екендігі қағидатына сүйене отырып, құқықтар мен бостандықтарды іске асыру және қорғау кепілдіктерін күшейтуге басымдық берілген. Бұл бағытта адам құқықтарын қорғау саласындағы жалпыға танылған халықаралық актілердің талаптары барынша ескерілген.