
2025 жылдың 31 қазанында Қызылорда қаласындағы Асқар Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өткізілді. Шара барысында жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, сондай-ақ заңгерлер мен адвокаттар тұрғындарға құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес берді.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған көмек көрсету.
Іс-шараға Қызылорда облысы Әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Оразгелді Ұзақбай Оразгелдіұлы, сондай-ақ департаменттің сала мамандары қатысып, азаматтардың өтініштері мен сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Бұдан бөлек, нотариустар, адвокаттар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, әділет органдарының қызметкерлері, жылжымайтын мүлікті тіркеу бөлімі мен өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, тұрғындарға өз салалары бойынша құқықтық кеңес ұсынды.