
2025 жылдың 30 қыркүйегінде Қостанай облысы Әділет департаментінде кәсіби мереке - Әділет органдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.
Салтанатты жиында Қостанай облысы Әділет департаментінің басшысы Алия Алатаевна Аманжулова, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері құттықтау сөз сөйледі. Әділет органдары қызметкерлері әрдайым мемлекеттік құрылымды нығайту, заңнаманы жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолында маңызды миссия атқарып келе жатқаны атап өтілді.
Іс-шара барысында Әділет органдарының қызметкерлері мен әріптес ұйым өкілдері Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің, Қостанай облысы әкімінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, «Аманат» партиясының және Кәсіпкерлер палатасының алғыс хаттарымен және грамоталарымен марапатталды. Марапатталғандардың қатарында адвокатура, нотариат, заң консультанттары, жеке сот орындаушылары және Әділет департаментінің қызметкерлері бар.
Әділет органдарының ардагерлеріне құқықтық мемлекетті қалыптастыруға қосқан үлестері мен ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келе жатқаны үшін ерекше алғыс білдірілді. Жақсы дәстүрге айналған «Отбасылық әулет» номинациясы да табысталып, заң саласына бірнеше буын арнаған әулеттер марапатталды.
Мерекелік шараны Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы әртістерінің халық әндері мен заманауи әндері, сондай-ақ аспаптық шығармалары әрлендірді.
Әділет органдары қызметкерлері күні тек кәсіби мереке ғана емес, сонымен қатар заңгерлердің еліміздің дамуы мен өркендеуіне қосқан елеулі үлесін мойындаудың айқын көрінісіне айналды.
Қостанай облысы
Әділет департаментінің
Баспасөз қызметі