«Қазақстан - 2050» стратегиясында қазақ тілін латын қарпіне көшіру туралы мәселе көтеріліп, оның қазақ тілінің дамуына, тілді заманға сай үйлестіруге және жаңғыртуға көмектесетіні айтылған.
Әліпби мен жазу – адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі, оны ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Латын әліпбиі – тек дамудың кілті ғана емес, рухани жаңғырудың басты бір баспалдағы, әлемдік ақпарат кеңістігіне жол ашатын мүмкіндік. Сонымен қатар, ол ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білім жүйесіне кірігуіне және рухани тұтастығын қамтамасыз етуіне септігін тигізеді. Қазақ жазуының латын әріптеріне көшуі ел болашағы – жас ұрпақтың оқу-білім және ғылым жолындағы ізденістеріне де жаңа серпін береді. Сондықтан латын қарпіне көшу – өркениеттің талабы әрі өмірдің өзі талап етіп отырған қажеттіліктердің бірі.
Дүниежүзі елдерінің 80%-ы латын қарпін қолданады. Қазіргі жаһандану дәуірінде өмір сүріп, білім алу, еңбек ету, белгілі бір мамандықты игеру мемлекеттік тіл мен ағылшын тілінен, олардың жазу жүйесінен айналып өте алмайды.
Латын әліпбиі – әлемдік талаптарға сай жазу жүйесі, өркениеттің көрсеткіші.
Қорыта айтқанда, латын графикасы – қазақ жазуының болашағы. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі мен жазуы елімізді жаңа белестерге жетелейді. Егер жаңа ғасырда жаңа әліпбиіміз бен жазу емлемізді меңгеріп, тіліміздің үндестік заңдылығына сай жазатын болсақ, тіліміздің де болашағы жарқын болмақ. Сондықтан латын негізді қазақ әліпбиі мен жазуын күнделікті қоғамдық өмірімізге тезірек енгізуге күш салуымыз керек.
Тілдің мұндай жаңа мүмкіндіктері еліміздің болашағына, мемлекеттік тілдің мәртебесін одан әрі көтеруге, жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, ұлттық құндылықтарды сақтауға және көптілділіктің дамуына ықпал етіп қана қоймай, ұлтжанды және отансүйгіш тұлғалардың қалыптасуына да зор ықпал етеді.
Мемлекеттік сот орындаушысы
А. Каримжанов