Қазақстан Республикасы әділет органдарынан, азаматтық хал актілерін тіркеу органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою жөніндегі мемлекеттік көрсету қызметінің ерекшеліктері

Қазақстан Республикасы әділет органдарынан, азаматтық хал актілерін тіркеу органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою жөніндегі мемлекеттік көрсету қызметінің ерекшеліктері

Халықаралық ынтымақтастықтың дамуы және азаматтардың ұтқырлығының артуы жағдайында ресми құжаттарды мемлекеттің шегінен тыс жерде тану мәселесі ерекше өзектілікке ие болуда.

Құжаттарды тану рәсімін жеңілдетудің ең тиімді тетіктерінің бірі – апостиль қою.

Қазақстан Республикасы 1961 жылғы 5 қазанда Гаагада қол қойылған Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талабын алып тастайтын конвенцияның (бұдан әрі – Гаага конвенциясы) қатысушысы болып табылады. Конвенцияның ережелеріне сәйкес Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің аумағында пайдалануға арналған ресми құжаттар апостиль қою арқылы куәландырылады.

Апостиль ұғымы

Апостиль – бұл белгіленген үлгідегі арнайы мөртаңба, ол лауазымды тұлғаның қолының түпнұсқалығын, құжатқа қол қойған тұлғаның қандай мәртебеде әрекет еткенін, сондай-ақ құжат бекітілген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалығын растайды.

Апостиль қою құжаттың мазмұнын растамайды және оның аудармасын алмастырмайды, тек ресми құжаттың шығу тегін, оған қойған тұлғаның қолының түпнұсқалығын және оның әрекет ету өкілеттігін куәландырады.

Әділет органдарының құзыреті

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда әділет органдарынан, азаматтық хал актілерін тіркеу органдарынан, нотариустардан, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады.

Мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасы әділет органдарынан, азаматтық хал актілерін тіркеу органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою жөніндегі мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларына сәйкес аумақтық әділет органдарымен көрсетіледі.

Мемлекеттік қызметті алу тәртібі

Мемлекеттік қызметті алу үшін өтініш беруші апостиль қойылуға жататын құжатты, сондай-ақ заңнамада көзделген құжаттарды ұсынады (өтініш, төлем, құжат).

Өтінішті қарау нәтижесі бойынша уәкілетті орган:

  • ресми құжатқа апостиль қояды;
  • не заңнамада белгіленген жағдайларда дәлелді бас тарту береді.

Апостиль қоюға ең жиі ұсынылатын құжаттар:

  • туу туралы куәліктер, неке қию туралы куәліктер, некені бұзу туралы куәліктер, қайтыс болу туралы куәліктер;
  • нотариаттық куәландырылған сенімхаттар, нотариаттық куәландырылған құжат көшірмелері;
  • әділет органдары, мемлекеттік органдары мен нотариустардан шығатын өзге де құжаттар.

Цифрландыру элементі ретінде электрондық апостиль

2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасында электрондық апостильді (e-Apostille) беру мүмкіндігі іске асырылды, бұл мемлекеттік қызметтерді цифрландырудағы маңызды кезең болды.

Электрондық апостиль – уәкілетті лауазымды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған электрондық құжат. Оның түпнұсқалығы www.egov.kz электрондық үкімет веб порталында орналастырылған апостильдердің электрондық тізілімі арқылы тексеріледі.

Электрондық апостильді енгізу:

  • қызметті алу мерзімдерін қысқартуға;
  • жекелеген жағдайларда мемлекеттік органдарға жеке бару қажеттілігін болдырмауға;
  • шетелдік құзыретті органдардың апостильдің түпнұсқалығын жедел тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етуге;
  • құжат айналымының ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді.

Электрондық апостильді шетелде пайдаланудың ерекшеліктері

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының электрондық апостилі Гаага конвенциясының талаптарына және Конвенцияға қатысушы мемлекеттер қолданатын халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Электрондық апостильдің түпнұсқалығын электрондық тізілім арқылы тексеруге болады, бұл құжатқа деген жоғары сенімді қамтамасыз етеді.

Қызмет көрсетуден бас тарту негіздері

Апостиль қоюдан бас тарту Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін, оның ішінде егер:

  • құжат әділет органдарының құзыретіне жатпаса;
  • құжатта оның түпнұсқалығын анықтауға кедергі келтіретін түзетулер, бүлінулер немесе өзге де ақаулар болса;
  • лауазымды тұлғаның қолы немесе мөрі уәкілетті органдағы үлгілерде болмаса;
  • толық емес немесе анық емес мәліметтер ұсынылса және басқалар.

Қорытынды

Ресми құжаттарға апостиль қою жөніндегі мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасы құжаттарының халықаралық деңгейде танылуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Электрондық апостильді енгізу цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамытудағы және азаматтар мен заңды тұлғалар үшін қызметтің қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадам болды.

Халықаралық өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру және электрондық апостильдерді тану тәжірибесін одан әрі кеңейту Қазақстан Республикасы құжаттарына халықаралық деңгейде деген сенімді нығайтуға және шетелде оқитын, жұмыс істейтін немесе тұратын азаматтар үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді.

Атап айту қажет, апостиль әрдайым ресми құжатты берген мемлекеттің құзыретті органы арқылы қойылады.

Осыған байланысты шет мемлекеттер берген құжаттарға тиісті мемлекеттің құзыреті органдары апостиль қоюға тиіс және мұндай құжаттарға Қазақстан Республикасында апостиль қойылмайды (мысалы, егер туу туралы куәлік Қытау Халық Республикасында берілген болса, онда аталған құжатқа апостильді осы мемлекет қою қажет, сот арқылы құжаттың ресми түрде берілгенін және оның заңдылығын растайды).