Қалай адвокат болуға болады?

Қалай адвокат болуға болады?

 

 

 

 

Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 32 бабына сәйкес (бұдан әрі - Заң), жоғары заң білімі бар, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алған, адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және осы Заңмен регламенттелетін адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы адвокат болып табылады.

Заңның 39 бабына сәйкес, адвокаттар алқасында тағылымдамадан ойдағыдай өткен адамдар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық әділет органдары жанынан құрылатын адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияда аттестаттаудан өтеді.

 

1 кезең: Қарағанды облыстық адвокаттар алқасында тағылымдама өту

Тағылымдамадан өту үшін қажетті құжаттар тізімі (оларды Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының төралқысына Қарағанды қаласы, Крылов көшесі, 11 үй мекен-жайы бойынша тапсыру қажет): ҚР азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;  жоғары заң бiлiмi туралы дипломның көшiрмесi (салыстыру үшiн дипломның түпнұсқасы берiлмеген жағдайда, нотариалды куәландырылған көшiрмесi); өз қолымен толтырылған өмірбаян; еңбек кiтапшасы немесе заң мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн растайтын өзге де құжат; тағылымдамадан өтуге ниет білдірген адамның тұрғылықты жері бойынша наркологиялық және психиатриялық диспансерлер берген анықтамалар; соттылығының жоқтығы не болуы туралы анықтама; мөлшері 3х4 см екі фотосурет; кадраларды есепке алу парағы.

5 жыл заңгер ретінде жұмыс өтілі болған жағдайда тағылымдама өту мерзімі 6 айды, ол болмаған жағдайда 12 айды құрайды.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 34-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 9), 10) және 12) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судьяның өкілеттіктерін тоқтатқан адамдар тағылымдамадан өтпейді.

 

2 кезең: Адвокаттар алқасында тағылымдамадан ойдағыдай өткен адамдар Әділет департаментінің жанынан құрылатын адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияда аттестаттаудан өтеді (Заңның 39 бабының 1 т.).

Аттестаттауға қатысу үшін www.egov.kz, www.elicense.kz «электронды үкімет» веб-порталы арқылы Қарағанды облысының Әділет департаментіне келесі құжаттарды тапсыру қажет (ҚР Әділет министрінің м.а. 2020 жылғы 28 мамырдағы № 61 бұйрығымен бекітілген, «Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8 т.):

1) Стандарттың 1 қосымшасына сәйкес өтініш;

2) Стандарттың 1 қосымшасына сәйкес қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы ақпаратты қамтитын мәліметтер нысаны.

Аттестаттау жарты жылда бір рет өткізіледі (Заңның 40 бабының 5 т.). Аттестаттау мынадай екі кезеңнен:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін және адвокаттық қызметті жүзеге асыруға психологиялық дайындығын кешенді компьютерлік тестілеу;

 

      2) қажетті көздерді пайдалана отырып, істің мән-жайларын талдау бойынша практикалық тапсырма кезеңдерінен тұрады.

Уәкілетті орган белгілеген кешенді компьютерлік тестілеудің шекті балын жинаған үміткер (70 балл) кешенді компьютерлік тестілеуден өткен болып есептеледі және аттестаттаудың екінші кезеңіне жіберіледі.

Біріздендірілген заңдық тест тапсырмаларынан тұратын кешенді компьютерлік тестілеу компьютерлік техниканы пайдалана отырып жүргізіледі.

Аттестаттаудың екінші кезеңі үшін практикалық тапсырманың мазмұнын Республикалық адвокаттар алқасы өзі дербес қалыптастырады.

Республикалық адвокаттар алқасының өкілдері практикалық тапсырмалардың нұсқаларын үміткерлер санынан асып түсетін санда ұсынады. Практикалық тапсырманың сұрақтары құпия ақпарат болып табылады және жария етілуге және таратылуға жатпайды.

Комиссия екінші кезеңнің нәтижелері бойынша үміткердің аттестатталғаны туралы не аттестатталмағаны туралы уәжді шешім шығарады.

Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның шешіміне уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.

Аттестатталғаны туралы шешім шығарылған күнінен бастап алты жыл бойы жарамды болып табылады.

 

Аттестаттаудан өтуден босатылатындар:

1) Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырған, сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және облыстық немесе оған теңестірілген соттың жалпы отырысының оң пікірін алған адамдар;

2) "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 9), 10) және 12) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судья өкілеттіктерін тоқтатқан адамдар;

3) теріс себептермен шығарылғандарды қоспағанда, прокурор немесе тергеуші лауазымында кемінде он жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, прокуратура және тергеу органдарынан шығарылған адамдар.

 

3 кезең:  Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензия алу

Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензия адвокаттық қызметпен айналысуға берілген рұқсат болып табылады және оны үміткер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен және шарттарда тағылымдамадан және аттестаттаудан өткеннен кейін лицензиар (ҚР Әділет министрлігі) береді.

Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензия алу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне келесі құжаттарды тапсыру қажет (ҚР Әділет министрінің м.а. 2020 жылғы 28 мамырдағы № 61 бұйрығымен бекітілген, «Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8 т.):

1) Стандарттың 1 қосымшасына сәйкес  өтініш;

2) Стандарттың 1 қосымшасына сәйкес қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы ақпаратты қамтитын мәліметтер нысаны.

3) ЭҮТШ арқылы төлеу жағдайларын қоспағанда, қызметтің жекелеген түрлерiмен айналысу құқығына лицензиялық алымның бюджетке төленгенiн растайтын құжаттың электрондық көшiрмесi(6 АЕК, реквизиттері: КБК-105402, КНП-911);

4) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35 бабына сәйкес прокуратура немесе тергеу органдарындағы жұмыс өтiлiн растайтын, атқаратын қызметiнен босатылу себептерi қамтылған құжаттың электрондық көшiрмесі.

 

 

Қарағанды облысы

Әділет департаментінің

құқықтық түсіндіру және

халыққа заңгерлік

қызмет көрсету бөлімінің

бас маманы

Ғ.С.Әбдібаев