Тегін заң көмегін алу құқығы

Тегін заң көмегін алу құқығы

 

 

Қазақстан Республикасының Конституциясының 13 бабына сәйкес, әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі.
​Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 26 бабына сәйкес, мемлекет кепілдік берген заң көмегін құқықтық ақпарат беру түрінде тегін алуға барлық жеке және заңды тұлғалардың құқығы бар.
Құқықтық консультация беру, сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаға;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;
3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге;
4) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсететіледі. Адвокаттар қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттар жасайды.
Азаматтар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін тұрғылықты жеріне және орналасқан жеріне қарамастан алуға құқылы.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның мүддесіне орай оның өкілі заңда белгіленген тәртіппен осындай көмек көрсету туралы өтінішхатпен жүгіне алады.
Қарағанды облысы Әділет департаментінің анықтама үшін телефондары: 420062, 420525, 412078, Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының телефондары 415894, 416336.