
Апостиль қоюға жататын ресми құжаттар ретінде "Қазақстан Республикасының Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын конвенцияға қосылуы туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын Гаага Конвенцияның (бұдан әрі - Конвенция) 1-бабына сәйкес құжаттар қабылданады.
Қағаз нысанда апостиль қою Конвенцияның қатысушысы ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан (мекемелерінен), лауазымды адамдарынан немесе нотариустарынан ғана шығатын ресми құжаттардың түпнұсқаларында жүзеге асырылады.
Апостиль қою үшін ұсынылған құжат электрондық түрде немесе құжаттың түпнұсқасын сканерлеу арқылы ұсынылады (ксерокөшірмелерден сканерлеуге жол берілмейді).
Апостиль қою үшін ұсынылған құжат қағаз жеткізгіштегі құжатты сканерлеу арқылы түпнұсқаға дәл сәйкес келуге тиіс (мәтінді түзетуге немесе өшіруге жол берілмейді).
Апостиль:
1) шет елде Қазақстан Республикасының елшіліктері немесе консулдық мекемелері жасаған құжаттарға;
2) коммерциялық немесе кедендік операцияларға тікелей қатысы бар әкімшілік құжаттарға қойылмайды.