Әділет министрлігінде құқықтарды ұжымдық басқарудың өзекті мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті

Әділет министрлігінде құқықтарды ұжымдық басқарудың өзекті мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті

23 сәуірде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мүліктік құқықтарды ұжымдық басқару саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған іс-шара мемлекеттік органдардың, мүліктік құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдарының, авторлар қауымдастығының, құқық иеленушілердің, бизнес өкілдері мен сараптамалық қауымдастықтың өкілдерін біріктірді.

Дөңгелек үстел барысында ұжымдық басқару жүйесін жетілдіру, ұжымдық басқару ұйымдарының (ҚҰБҰ) қызметінің ашықтығын арттыру, осы салада цифрлық шешімдерді дамыту, сондай-ақ авторлар мен өзге де құқық иеленушілерге сыйақыны әділ бөлу және төлеу тетіктері мәселелері талқыланды.

Қатысушылар ашықтық, есептілік және қолданыстағы ұжымдық басқару тетіктерінің тиімділігі мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл саладағы ашықтықты қамтамасыз ету авторлар, құқық иеленушілер және авторлық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдаланушылар тарапынан сенімді нығайту үшін маңызды екені атап өтілді.

Кездесу аясында құқықтық реттеуді және құқық қолдану тәжірибесін одан әрі жетілдіруге бағытталған мәселелер бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті. Талқылау қорытындысы бойынша құқықтарды ұжымдық басқарудың заманауи, теңгерімді және түсінікті жүйесін дамытуға бағытталған тәсілдер айқындалды.

Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Б.Ш. Жақселекова Қазақстанда зияткерлік меншікті қорғау мәселелеріне мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлінетіні атап өтті. Осы мазмүнда 15 наурызда республикалық референдумда қолдау тапқан конституциялық өзгерістердің маңыздылығы да айтылды, оларда зияткерлік меншікті қорғау заңмен жүзеге асырылатыны көзделген.

Дөңгелек үстелді өткізу Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің зияткерлік меншікті қорғау жүйесін нығайту, авторлық құқықтарды қорғау тетіктерін жетілдіру және интеллектуалдық еңбектің нәтижелеріне құрмет мәдениетін қалыптастыру жөніндегі жүйелі жұмысының бір бөлігі болды.

Қорытынды салтанатты бөлімінде авторлар мен құқық иеленушілер Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнімен құттықталды. Бұл ретте олардың қоғам өміріндегі, елдің мәдениеті мен зияткерлік әлеуетін дамытудағы маңызды рөлі атап өтіліп, Қазақстан Республикасы Әділет министрінің грамоталары табысталды.