
Іс-шараға Қазақстан Республикасының делегациясы қатысып, оны Әділет вице-министрі Ботагоз Жақселекова басқарды.
Вице-министр деректер сапасын басқару, стратегиялық тәсілдер және құрылымдалған деректерге көшу мәселелеріне арналған сессияға модераторлық етіп, сондай-ақ «Жасанды интеллектті кеңінен қолдану үшін цифрлық технологиялар саласындағы кадрлық әлеует пен құзыреттерді дамыту» тақырыбында баяндама жасады.
Талқылаулар барысында қазіргі жағдайда зияткерлік меншік жүйелерінің тиімді жұмыс істеуі деректер сапасына, кадрлардың кәсіби даярлығына, бірыңғай стандарттарды енгізуге және құқықтарды қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ететін цифрлық құралдарды жүйелі дамытуға тікелей байланысты екені атап өтілді.
«Қазақстан зияткерлік меншік саласын дамыту бойынша жұмысты жүйелі түрде жүргізуде, себебі құқықтарды сенімді қорғау инновациялар мен креативті экономиканың дамуының, сондай-ақ елдің инвестициялық тартымдылығының маңызды шарты болып табылады. Бұл ретте негізгі рөлді адам, оның білімі мен құзыреттері атқарады», – деп атап өтті Ботагоз Жақселекова.
Сонымен қатар, іс-шара аясында ДЗМҰ Бас директоры Дарен Тангпен кездесу өтті, ол Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы жұмысын жоғары бағалады.
Дарен Танг сондай-ақ Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласын дамытуда дәйекті және прогрессивті тәсілді ұстанатынын атап өтті. Нақты айтқанда, 2026 жылғы
15 наурыздағы референдум қорытындылары бойынша қолдау тапқан өзгерістер, сондай-ақ 2025 жылдың соңында қабылданған зияткерлік меншік саласындағы заңнамаға енгізілген түзетулер құқықтарды қорғауды күшейтуге бағытталған және басқа мемлекеттер үшін практикалық тұрғыдан қызықты әрі пайдалы болуы мүмкін.