Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқық комитеті мен LG Electronics контрафактіге қарсы күресте ынтымақтастықты күшейтуде

Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқық комитеті мен LG Electronics контрафактіге қарсы күресте ынтымақтастықты күшейтуде

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқық комитеті мен LG Electronics зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжат тіркелген тауар белгілерін заңсыз пайдалануға және контрафактілік өнімді, оның ішінде интернет-ортада және электрондық сауда алаңдарында таратуға қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен шараларды көздейді.

Меморандум аясында тараптар өз құзыреті шегінде ақпарат алмасуға, сондай-ақ электрондық сауда платформаларымен өзара іс-қимылды дамытуға келісті. Бұл құқық иеленушілердің құқықтарын қорғаудың тиімді әрі ашық тетіктерін қалыптастыруға және тұтынушылардың хабардар болу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Жалған өнімді сатып алу тәуекелін төмендету мақсатында LG Electronics компаниясы техниканы тек тексерілген арналар арқылы және ресми сауда орындарынан сатып алуды ұсынады.

Қазақстан Республикасында зияткерлік меншікті қорғау мәселелеріне басымдық беріледі. Заңнаманы жетілдіру, құқық қолдану практикасын дамыту және құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау тетіктерін, оның ішінде контрафактілік өніммен күресті күшейту бойынша жүйелі шаралар іске асырылуда.

Зияткерлік меншікті қорғаудың конституциялық тұрғыдан бекітілуі ерекше маңызға ие. Осылайша, 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдум барысында Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер мақұлданып, оған сәйкес зияткерлік меншік заңмен қорғалатыны белгіленді.

Бұл норма мемлекеттің зияткерлік меншік институтын нығайтуға бағытталған стратегиялық бағытын көрсетеді және оның инновациялық әрі креативті экономиканы дамытудың негізгі факторларының бірі ретіндегі маңыздылығын айқындайды.

LG Electronics компаниясымен меморандумға қол қою аталған саясатты іске асырудағы нақты қадам болып табылады және зияткерлік меншік құқықтарын құрметтеуге негізделген өркениетті әрі қауіпсіз нарықты қалыптастыруға бағытталған.