2026 жылғы 8–10 сәуір аралығында Қазақстан Республикасының делегациясы зияткерлік меншік жөніндегі Өңірлік жұмыс тобының отырысына қатысты

2026 жылғы 8–10 сәуір аралығында Қазақстан Республикасының делегациясы зияткерлік меншік жөніндегі Өңірлік жұмыс тобының отырысына қатысты

2026 жылғы 8–10 сәуір аралығында Әзербайжан Республикасының Баку қаласында Орталық Азия елдері мен Әзербайжан үшін зияткерлік меншік мәселелері жөніндегі Өңірлік жұмыс тобының отырысы өтті. Аталған іс-шара АҚШ Сауда министрлігінің Коммерциялық құқықты дамыту бағдарламасы (CLDP) тарапынан ұйымдастырылып, АҚШ Патенттер мен тауар белгілері жөніндегі ведомствосымен (USPTO) бірлесіп өткізілді.

          Отырысқа Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның уәкілетті мемлекеттік органдары мен патенттік ведомстволарының өкілдері, сондай-ақ зияткерлік меншік саласындағы халықаралық сарапшылар қатысты.

          Қазақстан Республикасынан іс-шараға Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері қатысып, ұлттық баяндама жасап, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және сақтау жүйесін дамыту бойынша Қазақстанның негізгі тәсілдерін ұсынды.

          Отырыстың күн тәртібі өңір мемлекеттері үшін стратегиялық маңызы бар кең ауқымды мәселелерді қамтыды. Атап айтқанда, географиялық нұсқамалар мен тауарлардың шығарылған жерінің атауларын құқықтық қорғау тетіктерін жетілдіру, құқық қолдану тәжірибесін дамыту, рәсімдердің ашықтығын арттыру, сондай-ақ АҚШ тәжірибесін қоса алғанда, халықаралық озық тәжірибені зерделеу мәселелері қарастырылды.

          Жұмыс сессиялары шеңберінде қатысушылар ұлттық стратегияларды қалыптастыру және іске асыру, зияткерлік меншік объектілерін тіркеу рәсімдері, сондай-ақ оларды құқықтық қорғауды қамтамасыз ету тетіктері мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырды.

          Талқылаулар сындарлы және ашық форматта өтіп, өңір елдері арасында тәжірибе алмасуға және үздік практикаларды бөлісуге мүмкіндік берді. Әсіресе құқық қолдану тиімділігін арттыру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, халықаралық табысты шешімдерді бейімдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

          Отырыстың қорытынды кезеңінде өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша келісілген ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ қатысушы елдер делегациялары арасында екіжақты консультациялар өткізу жоспарланды.

          Қазақстан Республикасының Өңірлік жұмыс тобы қызметіне қатысуы елдің халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, озық тәжірибелерді енгізуге және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мен сақтаудың ұлттық жүйесін дәйекті түрде жетілдіруге бейілділігін растайды.