«Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының 6) тармақшасына сәйкес әдiлет органдары зияткерлiк меншiк құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру саласында құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдардың (бұдан әрі – ҚҰБҰ) қызметіне бақылауды жүзеге асырады.
Аталған бақылау құқық иеленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасында құқықтарды ұжымдық басқару жүйесінің тиісті түрде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті (бұдан әрі – Комитет) бақылау функцияларын жүзеге асыру барысында жекелеген ұйымдар тарапынан «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 46 және 47-баптарының талаптарын, яғни құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдарының қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, интернет-ресурстың болуы және оны жүргізу, сондай-ақ уәкілетті органға есептілікті уақтылы ұсыну жөніндегі міндеттерді жүйелі түрде орындамау фактілерін анықтады.
Осыған байланысты Комитеті жекелеген ҚҰБҰ-ның қызметін тоқтата тұру және кейіннен тарату туралы талапарыздарға бастама жасады.
Атап айтқанда, Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 10 қаңтардағы шешімімен «Ұлттық құқық берушілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қызметі алты ай мерзімге тоқтатылды.
Кейіннен анықталған бұзушылықтар жойылмауына байланысты, сол соттың 2026 жылғы 24 ақпандағы шешімімен аталған ұйымның қызметі таратылды (сот шешімі 2026 жылғы 27 наурызда заңды күшіне енді).
Сонымен қатар, Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 22 қыркүйектегі шешімімен «Ұлттық авторлық одақ» қоғамдық бірлестігінің қызметі де алты ай мерзімге тоқтатылды.
Комитет ҚҰБҰ қызметі тек құқық иеленушілердің мүдделерінде, ашықтық, есептілік және айқындық қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырылуға тиіс екенін атап өтеді.
Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында 14 ҚҰБҰ тіркелген, оның ішінде 6 ҚҰБҰ аккредиттеуден өткен («Аманат» авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау жөніндегі коммерциялық емес ұйымы» ЖМ, «Құқық иеленушілердің Еуразиялық одағы» РҚБ, «Абырой» Авторлық қоғамы» РҚБ, «Қазақстандық зияткерлік меншік агенттігі» ЗТБ, «Қазақ әуендерінің орындаушылары» РҚБ, «Авторлар әндерінің одағы» РҚБ). 1 ҚҰБҰ-ның қызметі тоқтатылған.
ҚҰБҰ туралы өзекті ақпарат мына сілтемелерде қолжетімді:
https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/about?lang=ru,
https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-kis?lang=ru,
https://data.egov.kz/datasets/view?index=muliktik_kukyktardy_uzhymdyk_n.