Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы Шолпан Тоқтаровна Әбдіреева зияткерлік меншік саласындағы әкімшілік істерді қарауға арналған Әкімшілік әділет жөніндегі пікірталас клубының жетінші отырысына қатысты

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы Шолпан Тоқтаровна Әбдіреева зияткерлік меншік саласындағы әкімшілік істерді қарауға арналған Әкімшілік әділет жөніндегі пікірталас клубының жетінші отырысына қатысты

2025 жылғы 19 желтоқсанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы Шолпан Тоқтаровна Әбдіреева зияткерлік меншік саласындағы әкімшілік істерді қарауға арналған Әкімшілік әділет жөніндегі пікірталас клубының жетінші отырысына қатысты.

Іс-шараға әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың, Астана қалалық сотының және мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьялары, Әділет министрлігінің өкілдері, кәсіби қауымдастық мүшелері, сондай-ақ патенттік сенім білдірілген өкілдер мен заң компанияларының өкілдері қатысты.

Пікірталас барысында қатысушылар зияткерлік меншік саласындағы әкімшілік істер санының тұрақты түрде артып келе жатқанын, сондай-ақ олардың ерекшеліктеріне байланысты күрделілігінің жоғары екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде құқық қолдану тәжірибесінде бірыңғай әрі болжамды тәсілдерді қалыптастыру қажеттілігін туындатады.

Сотта және әкімшілік практикада туындайтын, тауар белгілері, патенттер және зияткерлік меншіктің өзге де объектілеріне байланысты дауларды қарау барысында кездесетін проблемалық мәселелерге ерекше назар аударылды. Белгілердің ұқсастығын айқындау, сараптамалық қорытындыларды бағалау және мамандарды тарту мәселелері, сондай-ақ тұтынушыларды жаңылыстыруы мүмкін белгілерді тіркеуден бас тарту тәсілдері талқыланды.

Қатысушылар бірыңғай құқықтық ұстанымдарды қалыптастырудың, соттар мен уәкілетті органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың, сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы құқық қолдану практикасының сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша пікірталас клубы форматы кәсіби диалогты дамытуға, тәжірибе алмасуға және әкімшілік әділет саласында келісілген тәсілдерді қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.