Қазақстан Республикасының Әділет министрі Е.Ж. Сәрсембаев 2025 жылғы 8-17 шілде аралығында Швейцарияның Женева қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына (ДЗМҰ) мүше мемлекеттер Ассамблеяларының алпыс алтыншы сессиясына қатысты. Қазақстан делегациясы дәстүрлі түрде ДЗМҰ Ассамблеяларына белсенді түрде қатысады және бұл форумды зияткерлік меншік саласындағы жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды алаң ретінде қарастырады.
Ассамблея жұмысы аясында Әділет министрі ДЗМҰ Бас директоры Дарен Тангпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен ДЗМҰ арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті биылғы 28 қаңтарда Көзі көрмейтін және көру қабілеті төмен немесе баспа ақпаратын қабылдауға мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың жарияланған туындыларға қолжетімділігін жеңілдетуге бағытталған Марракеш келісіміне қол қойғаны маңызды оқиға ретінде атап өтілді. Сонымен қатар, Қазақстанның зияткерлік меншік компонентін қамтитын Ұлттық инновациялық стратегиясын әзірлеу, Орталық Азиядағы өңірлік бастамаларды дамыту, зияткерлік меншікті қорғау саласында цифрландыру мен жаңа технологияларды ілгерілету мәселелері қаралды.
Министрдің сапар бағдарламасындағы маңызды сәттердің бірі – ДЗМҰ ұйымдастырған зияткерлік меншік саласындағы саясат мәселелері жөніндегі министрлік деңгейдегі бейресми диалогқа қатысуы болды. Бұл диалог барысында 20 елдің министрлері өміршең инновациялық экожүйелерді қалыптастыру, жаңашылдық пен шағын бизнесті қолдаудың тиімді тетіктерін іздеу, сондай-ақ экономикаларды цифрлық технологиялар мен терең ғылымның қарқынды дамуына бейімдеу мәселелерін талқылады. Қатысушылар зияткерлік меншіктің идеяларды коммерцияландырудың қозғаушы күшіне айналуы және жаһандық демографиялық әрі технологиялық өзгерістер дәуірінде әртүрлі елдер мен ұрпақтарды біріктіретін фактор бола алатынына назар аударды. Е.Ж. Сәрсембаев Қазақстанның ұлттық инновациялық жүйесін дамыту жолындағы көзқарасын таныстырып, елдің инклюзивті және тұрақты инновациялық болашақты құру үшін халықаралық қауымдастықпен белсенді ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Ассамблея аясында Әділет министрі ДЗМҰ-ға мүше мемлекеттердің делегация басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Индонезия Республикасы Заң министрімен мазмұнды келіссөздер жүргізіліп, зияткерлік меншік және әділет салаларында ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум дайындау және қол қою мүмкіндігі талқыланды.
Сондай-ақ, Сингапур, Өзбекстан және Грузия делегацияларымен екіжақты кездесулер өтті. Тараптар зияткерлік меншік, қызметтерді цифрландыру, озық тәжірибе алмасу және кадрларды даярлау салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты. Қазақстан әрбір әріптеспен зияткерлік меншік саласындағы қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен басымдықтарды ескере отырып, практикалық өзара іс-қимылды жандандыруға дайын екенін растады.