2025 жылғы 17 маусымда Астана қаласында өткен кездесудің негізгі тақырыбы - инновациялар мен технологияларды құқықтық қорғау перспективаларын талқылау, өзара диалогты дамыту, сондай-ақ өңір елдері арасындағы тұрақты әрі технологияға негізделген өзара іс-қимыл тетіктерін ілгерілету болды.
Кездесуге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай Халық Республикасының уәкілетті ведомстволарының өкілдері қатысты. Іс-шараға байқаушы ретінде Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Өтпелі және дамыған экономикасы бар елдер департаментінің директоры Хабип Асан қатысты.
Кездесу шеңберінде стратегиялық жоспарлау, цифрлық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы Шолпан Абдреева өз сөзінде «Орталық Азия - Қытай» форматы жүйелі әрі мазмұнды жұмысты қамтамасыз етуге арналған тиімді платформа екенін атап өтті. Ортақ басымдықтардың қатарында цифрлық экономиканың сын-қатерлерін ескере отырып құқықтық реттеуді дамыту, дауларды шешу тетіктерін жетілдіру, қолайлы іскерлік ортаны қалыптастыру және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері бар.
Кездесу қорытындысы бойынша өңірлік деңгейде практикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге ұмтылысты растай отырып, негізгі уағдаластықтарды бекіткен бірлескен мәлімдеме қабылданды.