Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Орал қаласы және аудандар әкімдері аппараттарының, сондай-ақ облыстық басқармаларға бағынысты мекемелердің заң қызметкерлеріне арналған құқықтық оқыту семинары басталды.
Үш күнге созылатын бұл семинардың мақсаты – құқықтық мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік органдардағы заңгерлердің біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және әкімшілік рәсімдік-процестік құқық аясындағы тәжірибелік дағдыларды дамыту.
Семинардың ашылуында БҚО әкімі аппаратының басшысы Н.Ораз төрағалық етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Мемлекеттік қызметшілер тарапынан жиі бұзылатын құқықтық рәсімдер мен заңнамалық талаптарды талқылап, оны болдырмау жолдарын бірлесіп қарастыру – семинардың басты міндеті, – деді ол.
Семинар жұмысына Батыс Қазақстан облысы әділет департаментінің өкілдері, облыстық адвокаттар алқасының заңгерлері дәріс берді. Пікірталас, тәжірибе алмасу бағытында сұрақтар қойылды.
Бағдарлама аясында қатысушылар сот процестеріне қатысып, жергілікті атқарушы органдардың шешімдеріне қатысты нақты мысалдар негізінде құқықтық сараптама жүргізеді.
Семинар барысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) нормаларын қолдану мәселелері кеңінен талқыланады. Әсіресе, жер қатынастарына қатысты әкімшілік актілерді қабылдауда кездесетін қателіктер мен заң бұзушылықтар нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
Семинардың соңғы күні мекемелердің құқықтық практикасына қатысты проблемалық мәселелер талқыланып, ұсыныстар әзірленеді.