⚜️ Атырау облысы Әділет департаментінде «Сталкинг: қауіпсіздікке төнген жасырын қатер» тақырыбында семинар өтті
2026 жылғы 27 шілдеде Атырау облысы Әділет департаментінде «Сталкинг: қауіпсіздікке төнген жасырын қатер» тақырыбында мемлекеттік қызметшілерге арналған семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында сталкингтің құқықтық, психологиялық және цифрлық ортадағы қауіптері туралы түсінікті қалыптастыру, азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық қағидаттарын сақтау мәдениетін нығайту, жеке және қызметтік ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету дағдыларын дамыту, сондай-ақ мұндай жағдайлардың алдын алу және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет ету жөніндегі құқықтық сауаттылықты арттыру болды.
Семинарды Атырау облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Музатова Меруерт Амангельдиевна ашып, қазіргі қоғамда азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығын қорғау, ақпараттық қауіпсіздікті сақтау және цифрлық кеңістіктегі құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызмет барысында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы жауапкершілігіне ерекше назар аударды.
Іс-шараға Атырау қаласы Полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі бөлімше бастығы, полиция капитаны Орақбаева Айгерім Тұрғанбайқызы, аталған бөлімшенің аға инспекторы, полиция капитаны Каржауова Гульшара Байтанатовна, сондай-ақ «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әлеуметтік қызметкері Жанмолдина Эльмира Қыдырғожаевна қатысушыларға сталкингтің белгілері, оның салдары, құқықтық жауапкершілік мәселелері және профилактикалық шаралар жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Семинар барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Іс-шара мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыруға ықпал етті.