«Құқықтық мәдениет – татулық пен тұрақтылықтың негізі» атты дөңгелек үстел өтті

«Құқықтық мәдениет – татулық пен тұрақтылықтың негізі» атты дөңгелек үстел өтті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің ҚХА институты мен Азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасының Заң клиникасының ұйымдастыруымен «Құқықтық мәдениет – татулық пен тұрақтылықтың негізі» атты дөңгелек үстел өтті.
Кездесудің мақсаты – «Заң мен тәртіп» қағидаттарын жастар арасында ілгерілету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқықтық сананы арттыру және дау-жанжалдарды құқықтық жолмен шешу тетіктерін кеңінен насихаттау арқылы олардың құқықтық жауапкершілігін арттыру.
Кездесуге Атырау облысы Әділет департаментінің Құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Бақтығали Нұрлыбек Бақтығалиұлы, Атырау облысы Адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Есбосын Асан Балғабайұлы, Атырау нотариаттық округінің жекеше нотариусы Айжарикова Альмира Сисеновна, университеттің профессор-оқытушылар құрамы және Заң клиникасының студенттері қатысты.
Спикерлер құқықтық саясат, келісім мәдениеті, кәсіби этика мәселелерін қозғап, Заң клиникасының өкілі, «Құқықтану 201/1» топ студенті Кайырова Зарина жастардың құқықтық сауаттылығы туралы баяндама жасады.
Практикалық бөлімде мамандар студенттермен бірге кейс-станцияларда нақты құқықтық жағдайларды талқылап, «Ортақ құқықтық бастама» атты шағын жобалар әзірледі. Жобалар өзектілік пен практикалық маңыздылығы бойынша бағаланды.
Университетпен тығыз ынтымақтастық орнатып, студенттердің тәжірибелік білімін арттыруға үлес қосқаны үшін мамандар ректор алғыс хатымен марапатталды. Белсенді қатысқан студенттерге Махамбет драма театрының «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымына билеттер табысталды.
Іс-шара құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тиімді алаңға айналды.