
Атырау облысының Әділет департаментінде Атырау облыстық сотының Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы А.У. Салихованың төрағалығымен және Департамент басшысы Г.У. Кыстаубаеваның, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Н.Д. Абдоловтың, судьялары Г.Д. Турганованың, З.Г. Байназарованың, мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының қатысуымен сот орындаушыларының актілеріне, әрекеттері мен әрекетсіздігіне шағымдану, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу саласындағы дауларды сотқа дейін реттеу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Шара барысында азаматтардың өтініштеріне талдау жасалды және құқық бұзушылықтардың алдын алу мен атқарушылық іс жүргізуге қатысушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған шаралар талқыланды. Сот орындаушыларының қызметіне бақылауды күшейту және сот дауларының санын азайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
2025 жылы Атырау облысының Әділет департаментіне атқарушылық іс жүргізуге байланысты 3 329 өтініш түскені атап өтілді, олардың басым бөлігі жеке сот орындаушыларының әрекеттері мен әрекетсіздігіне қатысты болды. Дөңгелек үстел қатысушыларына жоспарлы және жоспардан тыс тексерулердің нәтижелері, сондай-ақ қолданылған тәртіптік ықпал ету шаралары туралы ақпарат ұсынылды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында 2024 жылғы тамызда іске қосылған AdiletGov мобильді қосымшасы туралы ақпарат таныстырылды. Қосымша азаматтарға жеке сот орындаушыларына тікелей жүгінуге, заңнамада белгіленген мерзімдерде жауап алуға, сондай-ақ олардың әрекеттеріне сотқа дейінгі тәртіппен кезең-кезеңімен шағымдануға мүмкіндік береді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыруға, сот актілерінің міндетті түрде орындалуын қамтамасыз етуге және дауларды сотқа дейін реттеу тетіктерін одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстар әзірленді.