Атырау облысында сот орындаушылары 5 млрд теңгеден астам қаражатты мемлекет пайдасына өндірді
Бұл туралы Әділет департаментінің басшысы Гүланда Қыстаубаева баспасөз брифингінде мәлімдеді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Департамент мәліметінше, облыста 9 мемлекеттік және 72 жеке сот орындаушысы қызмет атқарады. Былтыр 285 мыңнан астам атқарушылық құжат орындалып, оның 63 мыңы нақты жүзеге асырылды, нәтижесінде жалпы 25 млрд теңгеден астам қаражат өндірілді.
Әлеуметтік маңызы бар алименттер бойынша 11 мыңға жуық құжат орындауда. Заң талаптарын орындамаған борышкерлерге әкімшілік және қылмыстық шаралар қолданылды. Алимент берешегі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру мақсатында бос орындар жәрмеңкелері де ұйымдастырылды.
– Атқарушылық іс жүргізуде «Робот сот орындаушысы» жүйесі іске қосылып, 20 АЕК-ке дейінгі берешектер автоматты түрде өндірілуде. Бұл азаматтарға жеке сот орындаушыларының қызмет ақысына кететін шығынды төлетпейді, – деді Г. Қыстаубаева.
Сондай-ақ «Тараптар кабинеті» мобильді қосымшасы енгізіліп, тараптар атқарушылық іс материалдарымен онлайн танысып, өтініш беріп және төлем жасай алады.
Биыл департамент цифрландыруды тереңдету және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.