Қордың түрлері

Қордың түрлері

Азаматтар және (немесе) заңды тұлғалар ерiктi мүлiктiк жарналар негiзiнде құрған, әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм беру және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтiн, мүшелiгi жоқ коммерциялық емес ұйым қор деп танылады.

Құрылтайшылардың құрамына, сондай-ақ қызмет саласына қарай жеке, корпоративтiк, қоғамдық, мемлекеттiк қорлар құрылуы мүмкiн. Қызмет мақсаттарына қарай әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм қорлары және өзге де қорлар құрылуы мүмкiн.

Бiр жеке адамның немесе жеке адамдардың - бiр отбасы мүшелерiнiң өзiнiң (өздерiнiң) жеке қаражаттары есебiнен құрған қоры жеке қор деп танылады. Жеке қор, сондай-ақ жеке адамның нотариалды куәландырылған өсиетi бойынша да құрылуы мүмкiн.

Бiр заңды тұлғаның немесе бiрнеше заңды тұлғалардың - коммерциялық және (немесе) коммерциялық емес ұйымдардың осы ұйымдардың қаражаттары есебiнен құрған қоры корпоративтiк қор деп танылады.

Бiр отбасының мүшелерi болып табылмайтын жеке адамдардың және (немесе) заңды тұлғалардың - қоғамдық бiрлестiктердiң құрған қоры қоғамдық қор деп танылады.

Мемлекеттiк органдардың шешiмiмен құрылған, белгiленген тәртiппен мемлекеттiк меншiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы берiлген; қордың мақсаттары мен мiндеттерiн мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асыратын қор мемлекеттiк қор деп танылады.

Соған қоса, құрылтайшылардың ақшасы, сондай-ақ басқа да мүлкi, ерiктi түрде жиналған қайырмалдықтар және өзге де заңды түсiмдер қордың қаржы көзi болып табылады. Сондай-ақ, қор құрылтайшыларының қордың мүлкiне мүлiктiк құқықтары болмайды.

Сондай-ақ, қорды құрған кезде құрылтайшылардың (құрылтайшының) шешiмiмен тұрақты жұмыс iстейтiн алқалы басқару органы - қордың атқарушы органы тағайындайтын қамқоршылық кеңесi құрылады, ол қор қызметiнiң оның жарғылық мақсаттарына сай келуiне бақылау жасайды, сондай-ақ қордың жарғысында бекiтiлген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыратындығын атап өткіміз келеді.