"Буллингке жол жоқ:мектеп оқушыларына құқықтық сауаттылық түсіндірілді"

"Буллингке жол жоқ:мектеп оқушыларына құқықтық сауаттылық түсіндірілді"

№25 мектеп гимназиясында Әділет департаментінің басшысы Б.Т.Кесебаева оқушылармен кездесу өткізіп, мектеп ортасындағы буллингтің алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында департамент басшысы жасөспірімдерге буллингтің не екені, оның қандай құқықтық салдары болатыны, сондай-ақ осындай жағдайлар туындаған кезде қандай әрекет ету керектігі туралы жан-жақты түсіндірме берді. Сонымен қатар, балалар өз құқықтарын қорғау жолдары және кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі жөнінде маңызды ақпарат алды.

Іс-шара интерактивті форматта өтті: оқушылар өз сұрақтарын қойып, нақты мысалдар арқылы талдау жүргізді. Сондай-ақ, буллингтің алдын алуға бағытталған заңнамалық нормалар мен көмек алуға болатын сенім қызметтері жайлы да мәлімет берілді.

Мектеп директоры Аманбай Газиза Абдықалыққызы осындай кездесулердің оқушыларға құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, олардың бойында өзара құрмет пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.