
Қазақстанда тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, пәтер меншік иелері кооперативтері мен пәтер меншік иелерінің тұтыну кооперативтерін міндетті түрде қайта тіркеу талаптары күшіне енді.
Тиісті түзетулер Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 15 шілдедегі № 207-VIII ҚРЗ «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен енгізілді.
Жаңа талаптарға сәйкес, барлық тіркелген және жұмыс істеп тұрған пәтер (үй-жай) меншік иелері кооперативтері, сондай-ақ пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің тұтыну кооперативтері өз қызметін жаңартылған заңнамаға сәйкестендіріп, әділет органдарында қайта тіркеу рәсімінен өтуге міндетті.
Қайта тіркеуді аяқтау мерзімі 2026 жылғы 17 шілдеге дейін белгіленді.
Аталған өзгерістер кондоминиум объектілерін басқару жүйесін жетілдіруге, кооперативтердің қызметінің ашықтығын арттыруға және олардың ұйымдық-құқықтық нысанын қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге бағытталған.
Түзетулер күшіне енгеннен кейін КСК мен ПКСК көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың дербес нысандары мәртебесінен айырылды.
Енді олар екі және одан да көп кондоминиум объектілеріне қызмет көрсететін шаруашылық құрылымдар ретінде қарастырылып, басқару субъектілеріне жатқызылады.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 51-6-бабына сәйкес кооперативтердің қызметі уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін үлгілік жарғы негізінде жүзеге асырылады. Осыған байланысты қайта тіркеу кезінде жарғыны ұсыну талап етілмейді.
Сонымен қатар, заңнамада ұйымның атауына қойылатын талаптар белгіленген. Ұйымның толық атауында міндетті түрде «пәтер (тұрғын емес үй-жайлар) меншік иелерінің кооперативі» деген сөз тіркесі болуы тиіс.
Бұл ретте қысқартылған атау ретінде «КСК» атауын пайдалануға жол беріледі.
Заңнама талаптары сақталмаған жағдайда тұрғын үй инспекциясы кооперативті мәжбүрлеп тарату туралы сотқа талап арызбен жүгінеді. Мұндай шара тек сот тәртібімен ғана қолданылады.
Осыған байланысты кооперативтерге қайта тіркеу рәсімін кейінге қалдырмай, қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, өз қызметін Заң талаптарына сәйкестендіру ұсынылады.