Наурызбай ауданында тұрғындарға құқықтық кеңес берілді

Наурызбай ауданында тұрғындарға құқықтық кеңес берілді

«Заң мен тәртіп» республикалық акциясы аясында Наурызбай ауданының тұрғындарына әділет органдары тарапынан тегін құқықтық кеңес көрсетілді.

Іс-шараға әділет органдарының мамандары, заң консультанттары мен адвокаттар қатысып, азаматтардың өтініштерін қабылдап, олардың құқықтары мен міндеттері жөнінде жан-жақты түсіндірме берді. Тұрғындарға неке және отбасы, мұрагерлік, жылжымайтын мүлік, жер қатынастары, еңбек құқығы, әлеуметтік қамтамасыз ету және басқа да өзекті мәселелер бойынша кеңестер ұсынылды.

Сонымен қатар, шара барысында азаматтарға Әділет департаментінің цифрлық сервистері, оның ішінде құқықтық сұрақтарға жедел жауап беретін «Чат-бот» қызметі таныстырылды. Мамандар чат-боттың мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін түсіндіруге, қажетті құжаттар тізімін көрсетуге және тұрғындардың жиі қойылатын құқықтық сұрақтарына онлайн режимде жауап беруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Акцияның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, сапалы құқықтық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту. Мұндай кездесулер құқықтық мәдениетті дамытып, тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.