
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға еліміздің және шетелдің жетекші ғалымдары, қоғам қайраткерлері, оқытушылар мен студенттер қатысты. Конференция барысында Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму жолындағы маңызды тарихи кезеңдер талқыланды.
Алматы қаласы Әділет департаментінің басшысы Балаим Туғанбайқызы Кесебаева конференция жұмысына қатысып, қатысушыларды Республика күнімен құттықтады. Өз сөзінде ол егемендік туралы декларацияның еліміздің құқықтық және демократиялық негізін қалыптастырудағы тарихи рөліне тоқталды.
Сондай-ақ, Балаим Туғанбайқызы әділет органдарының қоғамдағы рөлін, құқықтық мәдениетті дамыту мен азаматтардың құқықтық санасын арттыру бағытындағы маңызды міндеттерді атап өтті.
Бұл іс-шара ел тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойы аясында өтіп, мемлекеттік егемендіктің тарихи және қазіргі заманғы маңызын жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.