
«Заң мен тәртіп» акциясы шеңберінде Қазақстанда алғаш рет құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында отандық және шетелдік жобалар ұсынылған «Kazakhstan Prevention Days» атты көрме ұйымдастырылды.
Іс-шараға Алматы қаласы Әділет департаментінің басшысы Балаим Туғанбайқызы Кесебаева және өзге де құқық қорғау саласының өкілдері қатысып, құқықтық мәдениетті дамыту мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Көрме барысында мемлекет пен қоғам арасындағы серіктестікті нығайтуға, сенімді арттыруға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған 45 жоба таныстырылды.
Сондай-ақ көрме кезінде студенттер өздерінің зерттеу және практикалық жобаларының жұмыс барысымен таныстырып, құқықтық сана мен алдын алу шараларын жетілдіру бойынша өз идеяларын ұсынды.
Аталған іс-шара құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықбұзушылықтардың алдын алу саласындағы тиімді тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.