Халықаралық Нельсон Мандела күніне орай Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №11 мекемеде жазасын өтеуші жасөспірімдерге арналған тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды.
Шара аясында «Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы БҰҰ Конвенциясының» мазмұны мен маңызы туралы дәріс өтті. Дәрісті Алматы қаласы Әділет департаментінің бас маманы Санат Нарымбаев жүргізіп, жасөспірімдерге адам құқықтары, заң үстемдігі және гуманизм қағидаттары жөнінде кеңінен түсіндірме берді.
Сонымен қатар, шара барысында кәсіби суретші Абдурахман Мұхтарұлы жазасын өтеуші бейнелеу өнеріне бейімі бар жасөспірімдерге арнап шығармашылық шеберлік сабағын өткізді. Сурет арқылы өзін-өзі білдіру мен ішкі эмоцияны бейнелеудің әдістерін үйрету – жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамытуға және оң әлеуетін арттыруға бағытталған.
Мұндай шаралар жастардың қайта әлеуметтенуіне ықпал етіп, құқықтық сана мен адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға жол ашады.