Алматы қаласындағы №13 түзету мекемесінде құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шара өтті

Алматы қаласындағы №13 түзету мекемесінде құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шара өтті

Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №13 республикалық мемлекеттік мекемесінде «Заң және тәртіп» республикалық акциясы аясында құқықтық түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – жазасын өтеуші азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіру және сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуіне құқықтық қолдау көрсету.

Шара барысында түзету мекемесінің қызметкерлері мен сотталған азаматтарға азаматтық, қылмыстық, еңбек және әкімшілік құқық салаларындағы өзекті мәселелер бойынша кеңес берілді. Қатысушыларға заңнамадағы өзгерістер, құқықтық көмек алу тәртібі, мемлекеттік қызметтерге жүгіну жолдары және құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесу мәселелері түсіндірілді.

Сонымен қатар, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты құқықтық жағдайлар бойынша қажетті түсініктемелер мен кеңестер алды. Құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру – азаматтардың құқықтарын қорғаудың негізгі тетігі екендігі атап өтілді.

Аталған іс-шара «Заң және тәртіп» акциясы аясындағы жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болып табылады. Мұндай кездесулер сотталған азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, оларды оңалтуға және әлеуметтік ортаға бейімдеуге ықпал етеді